Сыйымдылығы 630 төсекке арналған нысан қаланың бес медициналық ұйымын бір жерге біріктіріп, Ақмола облысы мен еліміздің солтүстік өңірінің тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермек. Қазір құрылыс жұмыстарының 76 пайызы орындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ауқымды жобаның барысымен Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова танысты. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін нысанның дайындық деңгейін 90 пайызға жеткізу көзделген. Ал аурухананы толық аяқтап, пайдалануға беру 2027 жылдың мамыр айына жоспарланыпты.

Жаңа медициналық кешен соңғы 15-20 жылдағы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылып жатқан аса ірі жобалардың бірі болмақ. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қазір ескі ғимараттарда орналасқан Көкшетаудағы бес медициналық ұйымды осында көшіру жоспарланған. Жаңа кешенде шамамен 1,5 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Аурухананың құрылымы да ауқымды. Мұнда 120 төсектік онкологиялық және 120 төсектік перинаталдық блок, 19 операциялық залы бар хирургиялық бөлім, күндізгі стационар және бір ауысымда 500 адамға дейін қабылдайтын консультативтік-диагностикалық орталық жұмыс істемек.
Медициналық кешенде кардиология, нейрохирургия, неврология, травматология және басқа да бағыттар бойынша көмек көрсетіледі. Сонымен қатар инсульт орталығы мен оңалту бөлімі қарастырылған.
Аурухана жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде үш компьютерлік томограф, қуаты 3 Тесла болатын МРТ аппараты, үш ангиограф және сәулелік терапия жүргізуге арналған желілік үдеткіш бар. Жобада шұғыл медициналық көмекке де ерекше мән беріліпті. Ауыр жағдайдағы науқастарды жедел жеткізу үшін кешен аумағында тікұшақ алаңы салынады.

Министр Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жобаны жүзеге асыруда құрылыс мерзімін сақтау ғана емес, болашақ аурухананы заманауи жабдықтармен және білікті кадрлармен қамтамасыз ету де маңызды.
– Бұл – соңғы 15-20 жылдағы Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізіндегі ең ірі жобалардың бірі. Біз үшін құрылысты уақытылы аяқтау ғана емес, аурухананы заманауи жабдықтармен және білікті мамандармен қамтамасыз ету де аса маңызды. Жобаны барлық кезеңде барынша сүйемелдейтін боламыз, – дейді министр.
Болашақ медициналық орталықтың кадрлық әлеуетін қалыптастыру жұмыстары да басталған. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін даярлау өткен жылдан бері қолға алыныпты.

Осылайша, құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін Көкшетауда бір ғана ғимаратқа бірнеше медициналық ұйымның мүмкіндігін біріктіретін, күрделі операциялардан бастап, жоғары технологиялық диагностика мен оңалтуға дейінгі қызметтердің кең спектрін ұсынатын медициналық кешен пайда болмақ. Жобаның түпкі мақсаты – Ақмола облысы мен солтүстік өңір тұрғындарының күрделі медициналық көмек алу үшін республикалық орталықтарға бару қажеттілігін азайтып, заманауи медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
