Белгілі блогер Ерболат Жанәбілов жұбайы Эльмира Төлегеновамен болған отбасылық жанжалдан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға орнына полиция қызметкерлері барып, тексеру жүргізген. Эльмира Төлегенова полицияға арыз жазудан бас тартқан. Соған қарамастан, Жанәбіловке қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекет бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Пробациялық бақылау талабын да бұзған
Полиция Жанәбіловтің бұған дейін пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын да хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 28 тамызда сағат 22:00-ден кейін ол өзі көрсеткен мекенжайда болмаған. Осы дерек бойынша жиналған материалдар да сотқа жолданды.
Еске сала кетейік, биыл сәуірде сот Ерболат Жанәбіловті екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған. Оған осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленген.
Жанжалға қатысты не белгілі?
30 қыркүйек кешке Эльмира Төлегенова әлеуметтік желіде гардероб бөлмесіне кіріп, есікті іштен жауып алған видеосын жариялады. Оның айтуынша, Жанәбілов телефонын алуға тырысқан.
Кейін Э. Төлегенова күйеуі тарапынан қол көтеру болмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың қазір ажырасу процесінде жүргенін айтты.
