Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 50 базистік тармаққа төмендетіп, жылдық 16,25% деңгейінде белгіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімі болжам раундының нәтижелері, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер және инфляциялық тәуекелдер балансы негізінде қабылданды.
Ұлттық банк мәліметінше, тамызда Қазақстандағы жылдық инфляция 9,8%-ға дейін баяулады. Осылайша инфляция 11 ай қатарынан төмендеп, қайтадан бір таңбалы көрсеткішке жетті.
Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін төмендеген. Ұлттық банк инфляцияның баяулауына жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және Үкіметпен бірлесіп қабылданған инфляцияға қарсы шаралар әсер еткенін атап өтті.
Соған қарамастан, Ұлттық банк инфляциялық тәуекелдер әлі де сақталып отырғанын ескертті. Реттеушінің орта мерзімді мақсаты – инфляцияны 5% деңгейінде тұрақтандыру.
