Алматы тау кластерін дамыту аясында аспалы жолдар, тау шаңғысы трассалары, қонақүйлер, мейрамханалар мен инженерлік нысандар салу жоспарланған.
Оларды электр энергиясы және жылумен қалай қамтамасыз етеді? Биік тауда энергияны үнемдеу үшін қандай технология қолданылады? Аспалы жолдардың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысы қалай қамтамасыз етіледі? Осы және өзге де сауалдарға «AlmatyTau Management» ЖШС Жобалау және сәулет департаментінің директоры Еркебұлан Сағынбай Aikyn.kz сайтына берген сұхбатында жауап берді.
– Алматы тау кластеріне қанша электр энергиясы мен жылу қажет болады?
– Жобалық есеп бойынша Алматы тау кластеріне шамамен 66,4 МВт электр энергиясы қажет. Жалпы, жылу жүктемесі – 15,36 МВт. Оның 7,19 МВт-ы жылыту мен желдетуге, 8,17 МВт-ы ыстық сумен жабдықтауға тиесілі. Табиғи газдың ең жоғары сағаттық шығыны 2 705,48 текше метр деп есептелген.
Бұл – инфрақұрылымның жұмысын қамтамасыз етуге қажетті есептік көрсеткіш. Ал нақты тұтыну көлемі маусымға, ауа райына, аспалы жол мен жасанды қар жасау жүйесінің жұмыс қарқынына, сондай-ақ туристік нысандардың жүктемесіне байланысты болады.
Алынған және келісілген техникалық шарттарда жобаны қажетті энергия ресурсымен қамтамасыз ету қарастырылған.
– Туристік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым үшін қандай энергия көздері пайдаланылады?
– Жобада нысанның мақсаты мен орналасқан жеріне қарай бірнеше энергия көзін қатар пайдалану қарастырылған.
Қонақүй, мейрамхана және көпфункционалды ғимараттарды жылумен қамтамасыз ету үшін табиғи газбен жұмыс істейтін автономды блокты-модульді қазандықтар қарастырылған.
Аспалы жол мен сыртқы жарықтандыру электр желісінен қуат алады. Газ желісі жоқ биік таулы және шалғай нысандар электрмен жылытылады.
Сонымен қатар жасанды қар жасау жүйесіндегі су айдынын төмен температуралы жылу көзі ретінде пайдаланатын геотермалдық жылу сорғысын қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда бұл бағыт әзірге пысықтау сатысында. Сондықтан оны іске асырылған шешім деп қарастыруға болмайды.
– Биік тауда орналасқан ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру үшін қандай шаралар қарастырылған?
– Биік таулы жерде жылу шығынын азайтып, жылыту және желдету жүйесінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету өте маңызды. Сондықтан жобада бірқатар техникалық және сәулеттік шешім қарастырылған.
Атап айтқанда, жылу кедергісі жоғары әйнек пакеттерін орнату, желдету қондырғысындағы жылуды қайта пайдалану, энергия үнемдейтін жарықтандыруды қолдану және сыртқы жағдайға қарай температураны автоматты түрде реттеу көзделген.
Кейбір нысанда жылу сорғысын қолдану мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Ол қоршаған ортадағы жылу энергиясын ғимаратты жылытуға пайдалануға мүмкіндік береді. Соның арқасында жылдың өтпелі кезеңінде электр энергиясының шығынын азайтуға болады.
Бұған қоса, инженерлік жабдықтың жұмысын әр нысанның қажеттілігіне қарай реттеуге мүмкіндік беретін автоматтандыру қарастырылған.
– Қандай шешімдер аспалы жолдардың энергия тұтынуын азайтуға мүмкіндік береді?
– Аспалы жол – тау шаңғысы инфрақұрылымында электр энергиясын көп тұтынатын негізгі нысанның бірі. Сондықтан оның энергия тиімділігіне ерекше мән беріледі.
Жобада тікелей жетек жүйесін (Direct Drive) қолдану қарастырылған. Редуктор қолданылмайтындықтан, мұндай жүйе механикалық шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Жобалық есеп бойынша бұл шешім электр энергиясын тұтынуды 5-15%-ға төмендетуі мүмкін.
Сонымен қатар жолаушы санына қарай жабдықтың жұмыс жылдамдығын реттеуге мүмкіндік беретін жиілік түрлендіргіштері қарастырылған.
Бұл технологиялар электр энергиясын ұтымды пайдалануға, аспалы жолдың жұмыс тиімділігін арттыруға және пайдалану шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
– Кластердің жұмысын қамтамасыз ету үшін жаңа энергетикалық инфрақұрылым салу қажет пе?
– Жобаны іске асыру жаңа инженерлік инфрақұрылымды дамытуды қажет етеді. Өйткені құрылыс жоспарланған кейбір аумақта есептік жүктемені қамтамасыз етуге қажетті энергетикалық қуат пен коммуникация жоқ.
Сыртқы электрмен жабдықтау «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ желісі және кластер үшін жобаланып жатқан қосалқы станциялар арқылы жүзеге асырылады. Негізгі жүктеме түсетін жерлерге жақын тарату орталықтары мен трансформаторлық қосалқы стансалар, сондай-ақ жаңа газ қазандықтары салынады.
Бұл төмен кернеулі тарату желісінің ұзындығын қысқартуға, электр энергиясын жеткізу кезіндегі шығынды азайтуға және нысандарды тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Биік таулы жағдайда энергетикалық жүйенің үздіксіз жұмысы қалай қамтамасыз етіледі?
– Энергиямен жабдықтаудың сенімділігі – тау инфрақұрылымын жобалаудағы негізгі талаптың бірі. Өйткені электр энергиясының үзілуі туристік нысандардың жұмысына ғана емес, келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін.
Аспалы жол, өртке қарсы жүйе, байланыс және қауіпсіздік жүйесі сияқты аса маңызды нысандар үшін электрмен жабдықтау сенімділігінің бірінші санаты қарастырылған. Олар тәуелсіз қуат көздерінен электр энергиясын алады. Сондай-ақ аса маңызды жүйе үшін резервтік қуат көзі қарастырылған.
Кейбір аса маңызды нысанда үздіксіз қуат беру көзі мен резервтік жабдық болады. Аспалы жолдың инженерлік жүйесі жел, жауын-шашын, мұз қату және төмен температура ескеріле отырып жобаланады. Атап айтқанда, секундына 36 метрге дейінгі жел жүктемесі есепке алынады.
Сонымен қатар аумақты қар көшкінінен қорғау үшін инженерлік шаралар қарастырылған. Оның ішінде көшкін қаупін модельдеу және қар көшкінін қашықтан белсенді түсіру жүйесі бар. Бұл тау жағдайының ерекшелігін ескере отырып, нысандардың сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Жобада парниктік газ шығарындысы мен экологиялық қауіпсіздік талаптары қалай ескерілген?
– Энергетикалық инфрақұрылымды пайдалану кезінде парниктік газдың тікелей шығарындысының негізгі көзі газ қазандықтары болады. Қазандық жұмыс істеген кезде көмірқышқыл газы бөлінеді.
Ұсынылған экологиялық есепке сәйкес, қазандықтардан бөлінетін газдың болжамды көлемі квоталанатын және әкімшілендірілетін қондырғылар үшін белгіленген шекті мөлшерден төмен болады.
Жобада көмірдің орнына табиғи газ пайдалану, энергия тиімді жабдық, автоматты басқару жүйесі мен жылу сорғысын қолдану қарастырылған. Бұл шаралар энергия шығынын азайтуға және жылумен жабдықтау кезінде ауаға бөлінетін газ көлемін қысқартуға бағытталған.
Жобаның экологиялық тиімділігін бағалау кезінде парниктік газ шығарындысымен қатар суды ұтымды пайдалану, инженерлік инфрақұрылымның қоршаған ортаға әсері және жобаны іске асырудың барлық кезеңінде экологиялық талаптың сақталуы ескеріледі.
– Жобада жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қарастырылған ба?
– Қазір жылумен қамтамасыз етудің негізгі көзі – табиғи газ бен электр энергиясы. Сонымен бірге инженерлік шешімдерді одан әрі пысықтау барысында жасанды қар жасау жүйесіндегі су айдынын төмен температуралы жылу көзі ретінде пайдаланатын жылу сорғысын қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Бұл технология қоршаған ортада жиналған жылу энергиясын ғимаратты жылытуға пайдалануға және дәстүрлі жылу көзіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Оны қолдану мүмкіндігі техникалық және экономикалық бағалау нәтижесіне, нақты нысанның ерекшелігіне және биік таудағы пайдалану жағдайына байланысты болады.
– Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін энергия үнемдеуге бағытталған шешімдердің тиімділігі қалай бағаланады?
– Жобалау кезінде энергия тиімділігі есептік жүктеме, жабдықтың техникалық сипаттамасы, жұмыс тәртібі және нысанның болжамды қажеттілігі негізінде бағаланады.
Инфрақұрылым пайдалануға берілгеннен кейін жобалық көрсеткіш электр энергиясы, жылу мен газдың нақты тұтыну көлемімен салыстырылады. Бұл ретте маусымдық ерекшелік, жабдықтың жұмыс істеу ұзақтығы, аспалы жолдағы жолаушылар ағыны, өндірілген жасанды қар көлемі және туристік нысандардың жүктемесі ескеріледі.
Осы тәсіл арқылы энергияны ең көп қажет ететін үдерісті анықтауға, инженерлік жүйенің жұмыс тәртібін реттеуге және ресурсты үнемдеудің қосымша мүмкіндігін табуға болады.
Шешімнің түпкілікті тиімділігін нысандар пайдалануға беріліп, нақты дерек жиналғаннан кейін бағалауға болады.
– Жоба Қазақстанның жасыл энергетика және шығарындыны азайту жөніндегі мақсаттарына сәйкес келе ме?
– Көмірден бас тартып, газ қазандықтарын пайдалану, энергия тиімді жабдықты, жылу сорғысын және жылуды сақтайтын технологияны енгізу көміртек ізін барынша азайтады. Жоба Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне қатаң сәйкес әзірленіп, барлық қажетті қорытынды алынады.
Энергия тиімділігі Алматы тау кластерінің заманауи тау инфрақұрылымын жобалаудағы негізгі қағидаттың бірі саналады. Автоматты басқару жүйесін, энергия тиімді жабдықты, жылумен жабдықтаудың заманауи тәсілін және электрмен жабдықтаудың тиімді схемасын қолдану биік таулы аумақтың ерекшелігін ескере отырып, курорттың энергияға қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте қажетті энергетикалық қуатты қамтамасыз ету ғана емес, оны бүкіл пайдалану кезеңінде тиімді жұмсау да маңызды. Қабылданған шешімдердің нақты тиімділігін жобалау аяқталып, нысандарды пайдалану жөніндегі нақты көрсеткіштер алынғаннан кейін бағалауға болады.
