Енді мұнда эскалатор, лифт, көтергіш, ана мен балаға арналған бөлме және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған арнайы жағдайы бар вокзал ел игілігіне пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Көкшетау теміржол вокзалы – қалаға келген жолаушыны қарсы алатын алғашқы нысандардың бірі. Биыл оның келбеті де, ішкі инфрақұрылымы да өзгерді. 1981 жылы пайдалануға берілген ғимаратқа бұған дейін 2003 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Ал биыл вокзал толық жаңғыртудан өтті.

Нысанның техникалық ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
– Бұл – Президенттің тікелей тапсырмасы аясында жолаушыларға жайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыс. Ақмола облысы – туристік аймақ. Мұнда жолаушылар тасымалы мен жүк ағыны да жоғары. Сондықтан вокзалдардың маңызы зор», – дейді өңір басшысы.
Ақмола облысында 16 вокзал жаңғыртылды
Елімізде теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде республика бойынша 124 вокзал жаңғыртылып, пайдалануға берілген. Оның 16-сы – Ақмола облысында. Өңірдегі бұл жұмыс көлемі Қазақстан облыстары арасында ең ауқымды көрсеткіштердің біріне жатады. 16 нысанның тоғызы жаңадан салынса, жетеуі күрделі жөндеуден өткен.
Жаңғырту барысында вокзалдардың инженерлік инфрақұрылымы да жаңартылды. Су және жылу жүйелері ауыстырылып, терезелер мен әйнек конструкциялары жаңадан орнатылды.

Көкшетаудағы вокзал да осы жаңғырту жұмыстарының қорытынды нысаны болды.
Тәулігіне 1 800 жолаушы қызмет алады
Көкшетау вокзалы арқылы тәулігіне 32 пойыз өтеді. Оның үшеуі халықаралық бағытта болса, төртеуі – электр пойызы.
Нысанның орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 1 800 адамға жуық. Вокзал басшысы Роза Арыстанқызының айтуынша, нысан былтыр Үкімет қаулысына сәйкес, Қазақстан бойынша жаңғыртылатын 124 вокзалдың қатарына енгізілген.

– Қазір жолаушыларға ыңғайлы болу үшін екі эскалатор орнатылды. Конкорс өткелінде тағы төртеуі болады. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған екі көтергіш пен төрт лифт орнатылды. Бұған дейін мұндай жағдайлар болмаған», – деді вокзал басшысы.
Оның айтуынша, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға санитарлық бөлмесі бар арнайы орын жабдықталған. Билет кассасы мен анықтама бөлімі де осы санаттағы жолаушыларға бейімделген.
Жаңғыртылған вокзалда жолаушылардың жайлылығына да басымдық берілген. Ғимаратта ана мен балаға арналған арнайы бөлме жасалды. Ал жолаушылар қозғалысын жеңілдету үшін эскалаторлар мен лифтілер орнатылды. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін екі көтергіш қарастырылған. Осылайша, вокзалдың жаңаруы ғимараттың сыртқы келбетін өзгертумен ғана шектелмей, оның ішкі инфрақұрылымын заманауи талаптарға бейімдеуді қамтыды.

Жаңарған вокзалға теміржол саласының ардагері Мәжит Қалимжанов та барды. Ол теміржол саласында 51 жыл еңбек еткен. Ал Қалимжановтар әулетінің теміржолдағы еңбек өтілі 5 ғасырдан асады. Ардагер Көкшетау вокзалының тарихына тоқталды.
– Алғашқы вокзалдардың бірі барак үлгісінде болған еді. Кейін 1961 жылы вокзал салынды. Одан кейін 80-жылдары осы вокзал бой көтерді. Ғимарат жөндеуден өткен сайын жақсы әсер қалдырады. Бұл жерде үлкен жауапкершілікпен жұмыс істелгені көрініп тұр. Қалаға кім келсе де, онымен мақтана аламыз. Өйткені вокзал – қаланың қақпасы, – дейді Мәжит Қалимжанов.
Жаңғырту жұмыстары ғимараттың өзімен аяқталған жоқ. Вокзал маңындағы аумақ та абаттандырылып, вокзал алдындағы алаң жаңартылды.
Енді Көкшетауға теміржол арқылы келетін жолаушыларды жаңарған нысан қарсы алады. Қала үшін маңызды көлік инфрақұрылымы заманауи талаптарға бейімделіп, жолаушыларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалды. 45 жылдан кейін қайта жаңарған Көкшетау вокзалы осылайша жаңа кезеңге қадам басты.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
