Мессенджерге келген осындай қарапайым хабарлама кейде алаяқтық схеманың алғашқы қадамы болуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қаскөйлер адамның сеніміне кіріп, кейін сілтеме жіберуге, код сұрауға немесе ақша аудартуға тырысады. Күмәнді хабарламаны қалай тануға болады?
«Бұл сен бе?»
Алаяқтар әңгімені бірден ақша сұраудан бастамауы мүмкін. Алдымен бейтаныс нөмірден қарапайым хабарлама жіберіп, адамның жауап беруін күтеді.
Әңгіме басталған соң өзін таныс адам ретінде көрсетуі немесе «нөмірімді ауыстырдым» деп түсіндіруі мүмкін. Кейін шұғыл ақша керек екенін айтып, белгілі бір шотқа қаражат аударуды сұрайды.
Мұндай жағдайда хабарлама жіберген адамның кім екенін басқа байланыс арнасы арқылы тексерген дұрыс. Мысалы, танысыңызға бұрыннан белгілі нөміріне қоңырау шалуға болады.
«Сізге сәлемдеме келді»
Тағы бір кең тараған тәсіл – жеткізу қызметінің атын пайдалану.
Адамға сәлемдемесі келгені, бірақ оны алу үшін мекенжайын нақтылау немесе шағын төлем жасау керектігі туралы хабарлама жіберілуі мүмкін. Хабарламада арнайы сілтеме болады.
Сілтеме сырттай танымал компанияның сайтына ұқсағанымен, жалған парақшаға апаруы ықтимал. Онда енгізілген банк картасының деректері алаяқтардың қолына түсуі мүмкін.
«Мен – сіздің басшыңызбын»
Қаскөйлер жұмыс орнындағы қарым-қатынасты да пайдаланады. Олар компания басшысының немесе әріптестің аты-жөні мен суретін қойып, жаңа аккаунт аша алады.
Одан кейін қызметкерге «шұғыл тапсырма» беріп, белгілі бір адаммен байланысуды, құжат жіберуді немесе ақша аударуды сұрайды.
Мұнда адамның асығыстығы мен басшының тапсырмасынан бас тартуға ыңғайсыздануы есепке алынады.
Туыстың даусымен қоңырау шалса ше?
Жасанды интеллект дамыған сайын адамның даусына ұқсас аудио жасау мүмкіндігі де артып келеді. Сондықтан телефоннан таныс адамның даусын естудің өзі ақпараттың рас екенін толық дәлелдемейді.
Егер жақыныңыз күтпеген жерден ақша сұраса, әңгімені тоқтатып, оған өзіңіз білетін нөмір арқылы қайта хабарласқан дұрыс. Отбасы мүшелері алдын ала тек өздеріне белгілі бақылау сөзін де келісіп қоя алады.
Ешкімге айтпау керек код
Банк немесе басқа сервис атынан келген бір реттік SMS-кодты бөгде адамға айтуға болмайды.
Егер телефондағы адам сізді асықтырып, «кодты қазір айтпасаңыз, ақшаңыз жоғалады», «шотыңыз бұғатталады» немесе «несие рәсімделеді» деп қорқытса, әңгімені тоқтатқан дұрыс.
Банкке мәселені нақтылау үшін оның ресми байланыс нөміріне өзіңіз қоңырау шалған жөн.
Күмәнді хабарлама келсе не істеу керек?
Бейтаныс адамның жіберген сілтемесін бірден ашпау, жеке және банктік деректерді бермеу, SMS-кодты ешкімге айтпау маңызды.
Ал танысыңыздың атынан ақша сұралса, алдымен сол адаммен басқа жолмен байланысып, ақпаратты тексерген жөн.
Алаяқтардың сценарийлері өзгергенімен, негізгі тәсілі көп жағдайда бірдей: адамды қорқыту, асықтыру немесе сеніміне кіру. Сондықтан «дәл қазір жасаңыз» деген талаптың өзі сақ болуға себеп болуы мүмкін.
