Ажырасқан жағдайда үй құжатта көрсетілген адамның меншігінде қала ма, әлде екінші жұбай да одан үлес ала ала ма? Қазақстан заңнамасында бұл мәселеге қатысты нақты норма бар.
Aikyn.kz сайты аталмыш мәселеге жіті тоқталып өтеді.
Пәтер кімнің атына жазылғаны шешуші емес
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 33-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезде жинаған мүлік олардың бірлескен ортақ меншігі болып саналады.
Бұл ереже жылжымайтын мүлікке де қатысты. Егер пәтер некеде тұрған кезде ерлі-зайыптылардың ортақ кірісі есебінен сатып алынса, оның кімнің атына рәсімделгені шешуші мәнге ие емес.
Яғни пәтер тек күйеуінің атына тіркелсе де, заң бойынша ол ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі болуы мүмкін. Дәл сол сияқты баспана тек әйелінің атына рәсімделуі де екінші жұбайды автоматты түрде мүлікке деген құқығынан айырмайды.
Заңда ортақ кіріс есебінен сатып алынған мүлік кімнің атына алынғанына немесе ақшаны ерлі-зайыптылардың қайсысы салғанына қарамастан ортақ мүлік болып саналатыны көрсетілген.
Бір адам ғана ақша тапса ше?
Бұл жағдайда да жалпы қағида өзгермейді.
Мысалы, күйеуі жұмыс істеп, әйелі бала тәрбиесімен және үй шаруасымен айналысты делік. Әйелдің сол кезеңде жеке табысының болмауы оның ортақ мүлікке құқығын жоймайды.
Кодекстің 33-бабында некеде үй шаруасымен айналысқан, бала баққан немесе басқа да дәлелді себептермен жеке табысы болмаған жұбайдың ортақ мүлікке құқығы сақталатыны жазылған.
Ажырасқанда пәтер міндетті түрде 50/50 бөліне ме?
Егер ерлі-зайыптылар арасында өзгеше шарт болмаса, ортақ мүлікті бөлу кезінде олардың үлестері жалпы ереже бойынша тең деп танылады.
Алайда бұл әр жағдайда пәтердің тура жартысын физикалық түрде бөледі деген сөз емес. Мүлікті бөлу туралы дау сотқа жетсе, сот қандай мүлік кімге берілетінін анықтай алады. Егер бір жұбайға өз үлесінен қымбат мүлік берілсе, екіншісіне ақшалай немесе өзге өтемақы берілуі мүмкін.
Сонымен қатар заң сотқа кейбір жағдайларда үлестердің теңдігі қағидасынан ауытқуға мүмкіндік береді.
Ал пәтер некеге дейін сатып алынған болса?
Бұл – басқа жағдай. Ерлі-зайыптылардың некеге тұрғанға дейін әрқайсысына тиесілі болған мүлік, жалпы ереже бойынша, сол адамның жеке меншігі болып саналады.
Сондықтан ер адам немесе әйел пәтерді некеге дейін сатып алып қойған болса, ажырасу кезінде екінші жұбай автоматты түрде оның жартысына үміткер бола алмайды.
Дегенмен мұнда да ерекшелік бар. Егер неке кезінде ортақ қаражат немесе екінші жұбайдың еңбегі есебінен пәтердің құнын едәуір арттырған күрделі жөндеу, реконструкциялау немесе қайта жабдықтау жүргізілгені анықталса, сот мұндай мүлікті ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі деп тануы мүмкін.
Сондықтан ажырасу кезінде «пәтер кімнің атына жазылған?» деген сұрақтан гөрі, оның қашан және қандай қаражатқа сатып алынғаны маңызды.
