Іс-шара тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаевты еске алу мақсатында бір минуттық үнсіздік жариялаумен басталды.
Астанада қазақстандық ғарыштың мерейтойлық күндеріне арналған көрме ашылды
204
оқылды

ҚР Президенттік орталығында «Қазақстанның жұлдызды жолы: ғарыш қаһармандарының мерейтойларына орай» атты көрменің ашылуы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Көрме қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 35 жыл толуына, 80 жылдық мерейтойына және тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаевтың 75 жылдығына арналған.

1991 жылғы 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Халық Қаһарманы, Ресей Батыры, ҚР авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшып, Қазақстан тарихындағы алғашқы ғарыш сапарын жүзеге асырды. Оның ұшуы қазақстандықтардың тәуелсіздік таңындағы болашаққа деген сенімін нығайтқан маңызды оқиға болды.

Экспозицияда үш рет ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақстандық ғарышкері, Қазақстан Қаһарманы, ҚР авиация генерал-лейтенанті Талғат Мұсабаевтың қызметіне де ерекше орын берілген. Ол ғарышта жалпы 341 тәулік 9 сағат 48 минут болып, ашық ғарыш кеңістігіне жеті рет шықты және онда 41 сағат 15 минут жұмыс атқарды.

Көрме ҚР ЖИЦДМ Аэроғарыш комитеті мен бірқатар отандық ғарыш қызметі саласының кәсіпорындарымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне уәкілетті мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, отандық ғарыш саласы кәсіпорындары мен  қалың жұртшылықтың қатарынан 100-ден астам адам қатысты.

Іс-шара тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаевты еске алу мақсатында бір минуттық үнсіздік жариялаумен басталды.

Көрмеге қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат биыл тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын атап өте отырып, егемен еліміз үшін айрықша мәні бар тағы бір айтулы датаны – тұңғыш қазақ ғарышкері Т. Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 35 жыл толуын атап өтіп отырғанымызға тоқталды.

«1991 жылғы 2 қазанда жүзеге асқан бұл тарихи ұшу 1991 жылғы 16 желтоқсанда жариялаған тәуелсіздігіміздің өзіндік бастауы болды. Т. Әубәкіровтен кейін Қазақстанның ғарыш шежіресін ғарышкерлер Т. Мұсабаев пен А. Айымбетов жалғастырды. Биыл 75 жылдығы аталып өтетін Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаев отандық ғарыш саласының тарихында айрықша із қалдырған тұлға. Даңқты отандасымыз ғарышқа үш рет ұшып, орбитада жалпы бір жылдан астам уақыт болды, оның ішінде ашық ғарыш кеңістігінде бір тәуліктен астам уақыт өткізді. Ал тағы бір ғарышкеріміз, Халық Қаһарманы А. Айымбетов бүгін арамызда отыр. Қазіргі уақытта қазақстандық-ресейлік «Байқоңыр» бірлескен кәсіпорнын басқара отырып, Қазақстанның ғарыштық мемлекеттер қатарына ену үдерісіне өзіндік үлес қосып келеді», - деді Б. Темірболат.

Көрме аясында келушілердің назарына ҚР Президенттік орталығының, ҚР Ұлттық музейінің, ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінің, Ақтөбе облыстық планетарийінің, сондай-ақ Байқоңыр ардагері, қазақстандық космонавтика шежірешісі және белгілі журналист Сара Нұрғалиеваның қорларынан 170-тен астам музейлік жәдігер мен тарихи-танымдық материалдар ұсынылды.

Өз сөзінде ҚР ЖИЦДМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов отандық ғарыш саласын дамытудағы қазақстандық ғарышкерлердің маңызды рөлін ерекше атап өтті: «Бұл азаматтар қазіргі заманғы ғарыш саласының берік негізін қалады. Бүгінде Қазақстанның Жер маңындағы орбитада 5 спутнигі бар. Біз ғарыш аппараттарын тек өз қажеттіліктеріміз үшін ғана емес, экспортқа да шығарамыз. Бұл еліміздің технологиялық даму деңгейінің жоғарылағанын көрсетеді. Сонымен қатар, 30 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенінен «Сұңқар» орта класындағы зымыран-тасығыштың алғашқы сынақ ұшырылымы сәтті жүзеге асырылды. Бұл ұшыру кешеннің пайдалануға дайын екенін және Қазақстанның ғарыштық қызметтер нарығына шығу әлеуетін растады».

«Бәйтерек» БК» АҚ Басқарма төрағасы, Қазақстан Қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов ҚР Президенттік орталығының ұжымына ерекше алғысын білдіріп, еліміздің ғарыш қызметінің дамуы туралы өз көзқарасымен бөлісті.

«Қазақ ғарышкерінің тұңғыш рет ғарышқа ұшуына 35 жыл толды, бірақ  ғалам үшін бұл бір сәт қана. Осы мерзім ішінде Қазақстанда өзінің Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені пайда болды, онда біздің жас мамандар жобалау кезеңінен бастап барлық қажетті сынақтарды өткізу кезеңіне дейін спутниктерді құрастырады. Ал «Сұңқар» ЗТ-нің сәтті ұшырылуы біздің прогрессивті жастарымыздың Қазақстанның техникалық прогресін алға жылжытуға зор әлеуеті бар екенін тағы да дәлелдеді. Бүгін мен барлық жастарға аңсайтын биіктерге жетуді тілеймін және де бұл үшін тек ғарышкер болудың қажеті жоқ екенін айтқым келеді, өйткені жер бетіндегі барлық мамандықтар маңызды».

Көрме екі бөлімнен тұрады:

- «Ғарышкерлер – қаһармандар: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев»;

- «Қазақстанның ғарыш саласы: жаңа белестер».

Бірінші бөлімде Т. Әубәкіров пен Т. Мұсабаевтың ғарыш сапарларына қатысты бірегей музейлік заттар ұсынылады. Олардың қатарында Т. Әубәкіровтің ғарыштық киіміндегі қолғап, ҚР Мемлекеттік туы, Байқоңыр жерінің топырағы салынған капсула, Т. Мұсабаевтың ғарышқа өзімен бірге алып барған басқа да заттары, сондай-ақ ғарышкерлердің тамақ өнімдері бар.

Екінші бөлім тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласы қызметінің дамуына, оның ішінде Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапарына, саланың заманауи жетістіктері мен перспективалық даму бағыттарына арналған. Келушілер жасанды Жер серіктерінің макеттері мен басқа да материалдарды тамашалай алады.

Көрме 2026 жылдың 1 қарашасына дейін жалғасады. Елорда тұрғындары мен қонақтарына кіру тегін.