Биыл Алматы қаласының Бостандық ауданында әлеуметтік инфрақұрылым, инженерлік желілер, жол және қоғамдық кеңістіктерді жаңарту бағытында бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылып келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Азамат Қалдыбеков осыған дейінгі атқарылған жұмыс мен алдағы жоспарлары туралы мәлімдеді.
450 орындық мектеп ғимараты мен 500 орындық емхана ашылды
Қазір аудандағы негізгі басымдықтардың бірі – білім беру мен денсаулық сақтау инфрақұрылымын кеңейту. Биыл №73 мектепке бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 450 орындық қосымша ғимарат пайдалануға берілді.
– Білім басқармасының тапсырысы бойынша №60 мектепке қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп, Республикалық физика-математика мектебінің тарихи ғимараты жаңғыртылды. Сонымен бірге №89 бөбекжай-бақшасында күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмысы аяқталды. Кейінгі бір жылда 900-ден астам орынға арналған 20 жекеменшік балабақша ашылды. 72 жекеменшік балабақшадағы 4 364 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған, – деді аудан әкімі.

Одан бөлек ауданда медициналық инфрақұрылым да серпін алды. Маусым айында Серкебаев көшесінде ауысымына 500 адам қабылдайтын №37 жаңа қалалық емхана ашылса, «Нұр Алатау» шағын ауданында тағы бір 500 орындық емхана салу үшін жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта оның жобалық-сметалық құжаттамасы пысықталып жатыр.
Құны 34,5 млрд теңгеден асатын 26 әлеуметтік жоба қолға алынған
Бүгінде Алматыдағы көшелерді абаттандыру жұмысының жалпы көлемінің 80 пайызы Бостандық ауданына тиесілі. Аудан әкімі Бостандық ауданындағы абаттандыру жұмысына бизнес өкілдері де белсенді тартылғанын айтып отыр. «Игілік Бостандық» жобасы аясында жалпы құны 34,5 млрд теңгеден асатын 26 әлеуметтік жоба қолға алынған. Оның 21-і бүгінде толық аяқталған. Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, жүзеге асқан жобаларға бюджет қаражаты жұмсалмаған.

– «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 13 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 2 млрд теңгеден асады. Аталған жобалар ауданның әр бөлігіндегі тротуарларды, автотұрақтарды, аллеялар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыруға бағытталған. Ауданда инженерлік желілерді жаңарту жұмысы жалғасып келеді. Инвестициялық бағдарлама аясында 154 шақырым электр желісін жаңғырту басталған. Бұл электр желілерінің тозу деңгейін 25 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сегіз нысанда 7,3 шақырым су құбыры мен кәріз желісі ауыстырылып жатыр. Жылу және газ инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен жаңартылып келеді, – деді аудан басшысы.
Қырық жылдық желі жаңарып, жол қайта төселеді
Брифинг барысында аудан әкімі инженерлік желілерді жөндеуге қатысты қазба жұмыстары тұрғындар арасында сұрақ тудырғанын да жасырмады.
– Қазба жұмысының қашан аяқталатынын сұрап, наразылық білдіріп отырған тұрғындардың талабы орынды. Алайда жер астында қырық жыл бойы жаңартылмаған құбыр жатса, жаңа асфальт төсегеннен пайда жоқ. Сондықтан алдымен инженерлік желілерді ретке келтіріп, содан кейін жол жамылғысын қалпына келтіру қажет, – деді Азамат Қалдыбеков.

Жиын кезінде аудан әкімдігінің өкілдері жөндеу жұмыстары да басты назарға алынған мәселелердің бірі екенін негізге алды. Қазірдің өзінде 17 көшедегі 17,2 шақырым жол орташа жөндеуден өткен. Қараша айының соңына дейін тағы 19 көшедегі 12,9 шақырым жол учаскесін аяқтау жоспарланған. Осы тұста аудан әкімі жауапты мердігерлердің жұмысына бақылау күшейтілгенін атап өтті. Құбыр төсеу және тексеру аяқталғаннан кейін қазылған учаске үш тәулік ішінде асфальтталуға тиіс. Бұл талапты орындамаған компанияларға 45 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Үш мердігерге қатысты сотқа талап-арыз беріліп, оларды лицензиясынан айыру және сенімсіз ұйымдар тізіміне енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Алдағы уақытта аудан аумағында Жапон бағын құру, Сәтбаев пен Байзақов көшелерінің қиылысындағы көпір астын жыл бойы жұмыс істейтін жастар хабына айналдыру көзделген. Мұнда скейт, стритбол, граффити галереясы, сондай-ақ шығармашылық инфрақұрылымдар бой көтеруі тиіс.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
