Еркін күрестен 2026 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері Едіге Қасымбек Аичи мен Нагояда (Жапония) өткен жарыстағы өнеріне тоқталып, үшінші орын үшін өткен белдесуге қалай дайындалғанын және алдағы мақсаттары туралы айтып берді, – деп жазды Aikyn.kz Оlympic.kz-кесілтеме жасап.
"Қола медаль алғаныма өте қуаныштымын. Әрине, алтын алуды көздедім. Дегенмен үшінші орынның өзі де жаман емес. Финалға шығуға жақын болдым. Бірақ әзірге жартылай финалда ирандық балуанмен өткен белдесуімді талдаған жоқпыз. Жарыстан кейін бапкеріммен бірге сол белдесуді қарап, жіберген қателіктерімізбен жұмыс істейміз. Талдау жасаймыз. Бүгін бозкілем үстінде өзімді өте жақсы сезіндім. Толық дайын болдым, алтын медаль алуға бар күшімді салуға бекіндім. Енді алдымызда Қазақстанда өтетін әлем чемпионаты бар. Соған дайындаламыз. Әлем чемпионы атануға тырысамын. Бұл - менің алғашқы Азия ойындарым. Маған мұндағы атмосфера ұнады. Жарыстың өзі де қатты ұнады. Мұнда қарсыластардың бәрі жоғары деңгейде өнер көрсетеді. Мен үшін жақсы бастама болды. Қола медаль үшін белдесуге шыққанда жеңіске жетуге толық дайын екенімді білдім. Түрікменстандық қарсыласым да жақсы балуан. Ол белдесуді белсенді бастады. Бірақ мен өзіме және жеңісіме сендім. Сондықтан бәрі жоспар бойынша өтті", - деді Қасымбек.
Айта кетейік, Едіге Қасымбек 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қола медаль үшін болған белдесуде қазақстандық балуан Түрікменстан өкілі Зыямухаммет Сапаровты жеңді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
