Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында Құрылтайдың алдағы отыры­сының күн тәртібі белгіленді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы», Ресеймен арадағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы ратификациялық құжат, «Сербиямен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы» ратификациялық заң жобасы қарауға шығарылады.
Мемлекеттік наградалар туралы заң жобасын қарайды
103
оқылды

Құрылтайдың алдағы отыры­сының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының мемлекеттік на­градалары туралы» Заңына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді. Атал­ған құ­жатты Мемлекет бас­шы­сы­ның тап­сырмасын орындау мақса­тында Құрылтай депутаттары әзірлеген. 

Заң жобасында еліміздің қай­раткер азаматтарының еңбегін ба­ғалауға бағытталған екі жаңа ерек­шелік белгісін енгізуді көзде­ліп отыр. Олар – отандық музыка өне­рін дамытудағы ерекше еңбегі үшін берілетін «Шәмші Қалдаяқов» ме­далі және бейнелеу өнері сала­сын­дағы үздік туындылары үшін та­бысталатын «Қазақстанның ең­бек сіңірген суретшісі» құрметті атағы.

Сонымен қатар, «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Рес­­публикасының Үкіметі мен Ресей Фе­дерациясының Үкіметі арасын­дағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жет­кізу сала­сындағы сауда-эконо­микалық ын­ты­­мақтастық туралы келісімнің қол­данылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хатта­маны ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралады. 

Бұған қоса, депутаттар назары­на екінші оқылымдағы Қазақстан мен Сербия Үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтас­тық туралы келісімді ратифика­циялау ұсынылып отыр. Келісімнің мақсаты – тараптар арасында тең құқылық қағидат негізінде өзара тиімді әскери-техникалық ынты­мақ­тастық орнату және оны дамыту. 

Құрылтай отырысының күн тәр­тібіне I шақырылымдағы Қа­зақстан Республикасы Құрыл­та­йының жанындағы мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құ­ру мәселесі енгізіледі. 

Құрылтайдың бірінші сессия­сының ашылуында Мемлекет басшысы азаматтардың тағдыры мен өміріне қатысты заңдар жан-жақты қарастырылып, кеңінен талқылануы қажет екендігін атап өткен болатын. Өңірлердің өкілетті органдары – мәслихаттармен байланыс орнату үшін Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру – осы міндеттердің маңыздылығын ескере отырып ұсынылып отыр.

Кеңестің негізгі міндеті – мәс­лихаттардың заңдарды әзірлеуге тұрақты түрде қатысуын қамтама­сыз ету және олардың жергілікті жерлерде қолданылуы барысы бо­йынша кері байланыс орнату. Заң­дардың құқық қолдану практи­ка­сына мониторинг жасау, өңірлерге ортақ проблемаларды жинақтау және заңнаманы жетілдіру бо­йынша ұсыныстар дайындау, оң­тайлы өңірлік практикаларды зе­р­делеу мен тарату басым бағыттар ретінде қарастырылады. 

Бюро отырысында сондай-ақ I шақырылымдағы Қазақстан Республикасының Құрылтайында депутаттық сауалдармен жұмысты ұйымдастыру қағидалары бекі­тілді. Құжат барлық кезеңдерде депу­таттық сауалдарды сүйемел­дейтін бірыңғай және ашық рег­ламентті белгілеу арқылы олардың нәти­желілігін арттыруға ба­ғыт­талған. Сонымен қатар Құрыл­тай­дың цифрлық талдамалық құрал­дары, соның ішінде жа­санды интеллект технологиялары ар­қылы құжат дайындауды және жауаптардың толықтығын тек­серуді автомат­тандыру көзделіп отыр.