Қасым-Жомарт Тоқаев Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатына қатысты.
Жасампаздар бас қосқан бірегей жоба
117
оқылды

Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival жасанды интеллект қолданған фильм­дердің бірінші халықаралық байқауында сөз сөйлеп, аталған фестивальдің ерекше­лігін атап өтті.

– Astana AI Film Festival – ізденімпаз, білімпаз, жаңашыл, жасампаз азаматтар сынға түсетін, бұрын-соңды болмаған біре­гей жоба. Бұл – ұшқыр ой мен тың бас­та­малардың бәсекесі. Қазіргі заман – білім мен ғылымның және озық инновацияның дәуірі. Жасанды интеллект әлем эконо­ми­ка­сының барлық саласына түбегейлі өз­ге­рістер әкелуде. Бір сөзбен, технологиялық ілгерілеу, яғни прогресс жаппай жаһандық сипатқа ие болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы бірегей жоба – еліміздегі креативті индустрия саласының қарқынды дамуының жарқын көрінісі. Қазақстан бұл бағытта біртұтас экожүйе құру үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Сонымен қатар дарынды азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Президент жасанды интеллектіні жа­уап­­кершілікпен қолданудың өзектілігіне тоқталды.

– Технология бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқан тұста саясат­кер­лер, ғалымдар мен сала көшбасшылары жасанды интеллект мүмкіндіктерінің және оны бақылаусыз қолданудың қатері арта түскеніне алаңдаулы. Бір анығы, бұл үде­рісті тоқтату мүмкін емес. Менің ойымша, оған ешкімнің таласы жоқ. Адамзат тари­хында Прометей алауы өркендеудің нышаны болумен қатар дүлей күш ретінде де қарастырылды. Ядролық энергетикаға қатысты да осы мысалды келтіруге болады. Сондықтан ең әуелі қауіпсіздікке баса назар аударып, жасанды интеллектіні дамыту мен жауапкершілікпен қолдану ережесін әзір­легеніміз жөн. Бұл өскелең ұрпақтың алаң­сыз келешегі үшін қажет. Болашақ техно­логиясының зор шығармашылық әлеуетін игілікке жарату үшін қолдан келгеннің бә­рін жасауымыз керек. Бүгінгі фестива­ль­дің басты идеясы да осы, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллектінің тың мүмкіндіктері жастардың әлеуетін арттыруға жол ашады.

– Қазіргі таңда шағын шығармашылық ұжымдар үлкен студиялармен бәсекелесе алады. Шығармашылық адамдары мен түсірілім топтары үшін фильм түсіруде про­дюсерлік компаниялардың табалдырығын тоздырып, демеуші іздеудің қажеті жоқ. Нарыққа шығудың жолы әлдеқайда же­ңілдеді. Бұл бір жағынан бәсекелестікті арт­тырып, екінші жағынан талантты адам­дардың өзін танытуына мүмкіндік береді. Осы оң өзгерістерді креативті қауымдас­тықты біріктіру жолында тиімді пайдала­нуымыз керек. Әрине, жасанды интеллект асқан дарын иесімен шендесе алмайды, дегенмен ғұмырын шығармашылыққа ар­наған адамдар үшін таптырмайтын кө­мекші, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival халықаралық байқауының талантты әрі мақсатшыл жандарға тың мүмкіндік сый­лап, әлемдік креативті индустрияны ілге­рілетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

– Астана төрінде осындай жаһандық ауқымдағы іс-шараның өтуі кездейсоқ емес. Қазақстан – жастардың елі, халқы­мыз­дың орташа жасы – 33 жас. Мен Қазақ­стан жас­тарын білімге ұмтылатын, жаңа­лық­қа құш­тар, озық ойлы азаматтар деп са­наймын. Жақынға да, алысқа да мейі­рім­мен қарау, ешкімді бөліп-жармау – хал­қымыздың бойында бар асыл қасиет. Мұны әлем жұрт­шылығы да жақсы біледі және мойындайды деп ойлаймын. Мәселен, бүгінгі фестивальге әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім келіп түсті. АҚШ, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбри­тания, Индонезия, Жапония, Бразилия, Франция және өзге де ел азамат­тары өз жұмысын жолдады. Осы тұста қазы­лар алқа­сының құрамында әлемге әйгілі өнер және технология саласының маман­дары бар екенін айрықша атап өткім келеді. Мен бүгін баршаңызға ерекше алғыс айта­мын. Осы байқаудың арқасында қатысу­шы­лар өзара тәжірибе алмасып, болашақта бірлес­кен жобаларды жүзеге асырады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.