Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында Қазақстан мен Дания арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға арналған бизнес-форум өтті.
Қазақстан – Дания: ынтымақтастық нығая бермек
88
оқылды

Форумда тараптар өзара іскерлік байланысты кеңейту, жаңа жобаларды жүзеге асыру және екі ел бизнесі арасындағы серіктестікті жандандыру мәселелерін талқылады.

Жиында арнайы сөз алған Ал­маты облысының әкімі Шыңғыс Әрінов өңірде инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қажетті жағдай жасалып жатқанын алға тартты. Оның сөзінше, қазір мұнда аумағы 9 мың гектар болатын 22 индус­триялық аймақ құрылып жатыр. Олардың жалпы инвестициялық портфелі шамамен 1 трлн теңге. Агроөнеркәсіп саласында да жалпы құны 1,3 трлн теңгеден асатын 44 инвестициялық жоба бар. Қазіргі кезеңде аймақта ет пен сүтті, астық пен майлы дақылдарды, жеміс-жидек пен көкөністі терең өңдеуге басымдық беріліп отыр. 

– Биылғы сегіз айда Алматы облысына 747 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 13,4 пайызға көп. Қазір жалпы құны 7,1 трлн теңге болатын 293 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар аумағы 98 мың гектар болатын Alatau арнайы экономикалық ай­мағы дамып келеді. Алатау қаласын өнеркәсіп, логистика, заманауи технологиялар мен іскерлік инфра­құрылым қатар дамитын жаңа эко­номикалық орталық ретінде қа­растырамыз, – деді облыс әкімі.

Шыңғыс Әрінов өз сөзінде Қазақстан мен Дания арасындағы сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге мүмкіндік мол екенін қоса айтты. Әсіресе екі елдің ин­вестиция, өнеркәсіп, агроөнер­кә­сіп, энергетика және заманауи тех­нологиялар саласында бірлес­кен жобаларды жүзеге асыруға әлеуеті жоғары.

Дания тарапы да Қазақстанмен арадағы экономикалық байланыс­ты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін аңғартты. Дания Король­ді­гінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан Дания үшін маңызды серіктестік бағыт­тардың бірі екенін ерекше атап өтті. Мәртебелі мейманның сө­зін­ше, Дания өкілдері инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды, маман­дардың кәсіби деңгейін арттырып, екі жаққа да тиімді бизнес құруды көздейді. 

– Табысты экономикалық ынты­мақтастық тек технология мен капиталға емес, өзара сенімге де сүйенеді. Сондықтан Қазақстан мен Дания арасындағы байланыс­тың бұдан әрі де нығая түскенін қалаймыз, – деді Ларс Лёкке Рас­муссен.

Кездесу соңында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Данияның ірі кә­сіпкерлік ұйымдарымен ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат екі ел ара­сын­дағы іскерлік байланысты кү­шейтіп, жаңа жобаларды іске асы­руға негіз болмақ.

Бүгінде Қазақстан мен Дания арасындағы экономикалық байла­ныс серпін ала бастады. Мәселен, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 19,7 млн долларға жетіп, 43,9 пайызға өскен. Мұндай берік ынтымақтастық өндірісте өз нә­тижесін беріп келеді. Соның дәле­лі – Боралдайда бой көтерген жаңа кәсіпорын. Мұнда Carlsberg Kazakhstan компаниясының алкого­ль­сіз сусын шығаратын зауыты жұмысын бастады. Жобаға 344 млн доллар көлемінде инвестиция са­лынған. Зауыт жылына 1 млрд литр­ге дейін сусын өндіруге қау­қарлы. Кәсіпорында 230-ға жуық жергілікті тұрғын еңбек етеді деп жоспарланып отыр. Дайын өнім ішкі нарықпен қатар ТМД елдеріне де экспортталмақ.

Өңір басшысы Шыңғыс Әрінов жаңа өндіріс орнының ашылуын Алматы облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда маңызды қадам деп бағалады. Оның айтуынша, инвестиция тарту мен жаңа өндіріс орындарын іске қосу өңір экономи­ка­сын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы эконо­ми­калық өсімді қамтамасыз ету мен азаматтардың әл-ауқатын арт­тыруды нақты міндет ретінде бел­гілеп отыр. Экономиканың дамуы ең алдымен өңірлерде жүзеге аса­тын нақты жобалардан көрінеді. Сон­дықтан Carlsberg Kazakhstan компаниясының жаңа өндіріс орны – өңір үшін маңызды жоба­ның бірі, – деді Шыңғыс Әрінов.

Кәсіпорынның ашылуына арнайы келген Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен бұл жобаны Қазақстан мен Дания арасындағы экономи­калық байланыстың нақты көрінісі деп атады.

– Қазақстан мен Дания гео­гра­фиялық тұрғыдан бір-бірінен алыс орналасқанымен, бұл біз үшін бір­лесіп жұмыс істеуге кедергі емес. Бүгін іске қосылған кәсіпорын – соның айқын дәлелі. Бұл – жаңа жұ­мыс орындары мен сауда көле­мінің артуына, заманауи техноло­гиялардың өндіріске енуіне мүм­кін­дік беретін ортақ инвестиция, – деді ол.

Салтанатты шара барысында қонақтар өндіріс желісін іске қосу түймесін бірге басып, кәсіпорын­ның жұмысын ресми түрде бастады. Кейін зауыт аумағын аралап, жаңа кәсіпорынның технологиялық про­це­сі­мен танысты. Жобаның алғаш­қы кезеңінде түрлі дәмдегі сусындарды өндіруге және қаптауға арналған бес өндірістік желі жұмыс істейді. Кейін қоймалау және тасы­малдау мүмкіндіктерін кеңейту қарастырылған. Сонымен қатар зауытта су, электр энергиясы мен жы­луды үнемді пайдалануға арнал­ған заманауи технологиялар енгізілген.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы облысы