Есеп бойынша, жоба жүзеге асса, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Алматыдағы тау кластерінің дамуы шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндік береді
298
оқылды

Туристер санының артуы, инфрақұрылымның кеңеюі, жаңа қонақүй, тамақтану және демалыс орындарының ашылуы Алматыда туристік қызметтердің жаңа нарығын қалыптастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тау кластерін дамыту шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндік беріп, таудағы демалысты жыл бойы қолжетімді етуге жол ашады.

Кафе мен мейрамханалар, қонақүйлер мен шағын орналастыру орындары, жабдықтарды жалға беру пункттері, гидтер мен нұсқаушылар қызметі, белсенді демалысты ұйымдастыру, жергілікті өнімдер мен кәдесыйлар шығару – мұның бәрі қалыптасып келе жатқан туристік инфрақұрылымның бір бөлігіне айналып отыр.

Есеп бойынша, жоба жүзеге асса, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ал оның жыл сайынғы экономикалық әсері 1 трлн теңгеден асуы мүмкін.

Мұндағы мақсат туристік нысандардың санын көбейтумен ғана шектелмейді. Бір-бірін толықтыратын түрлі қызметтерден тұратын тұтас жүйе қалыптастыру көзделген. Бұл кәсіпкерлерге турист келген сәттен бастап кеткенге дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни қонақ орналастыру мен тамақтанудан бөлек, демалыс, экскурсия және белсенді туризм қызметтерін де пайдалана алады.

Мұндай тәсіл туристердің Алматыда және тау бөктерінде ұзағырақ аялдауына ықпал етеді. Бұрын тауға сапар көбіне бірнеше сағатпен шектелсе, қызмет түрлерінің көбеюі бір күн, демалыс күндері немесе бірнеше күн бойы тынығуға мүмкіндік береді.

Бизнестің дамуына әсер ететін тағы бір фактор – туристік маусымның ұзаруы. Қысқы спорт түрларымен қатар серуендеу, треккинг, веломаршруттар, табиғат аясындағы демалыс, сауықтыру бағдарламалары мен түрлі іс-шараларға сұраныс артып келеді.

Бұл кәсіпкерлер үшін жыл бойы тұрақты сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары, жабдықтарды жалға беру орындары, гидтер мен басқа да қызмет көрсетушілер әр маусымға сай демалыс түрлерін ұсынуға мүдделі.

Сонымен қатар Алматының туризм саласында жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалар көбейіп келеді. Қалада жаңа қонақүйлер, глэмпингтер, хостелдер мен демалыс базалары ашылып жатыр. Туризм басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері жеке инвестиция есебінен түрлі форматтағы орналастыру орындарын қоса алғанда, 46 туристік нысан пайдалануға берілген.

Медеу аумағындағы өзгерістер – соның бір мысалы. Мұнда қонақүй инфрақұрылымы, қоғамдық тамақтану орындары, серуендеу бағыттары мен демалыс нысандарын біріктіретін туристік кеңістік біртіндеп қалыптасып келеді.

Ақпан айында мейрамханалары бар Medeu Plaza жұмысын бастады. Ал Қала күніне орай Medeu Plaza мен Кімасар шатқалындағы Qazaq Auyl-ды жалғайтын «Алмалы жол» тау соқпағы ашылды. Жаңа бағыт балаларымен келген отбасылар мен егде жастағы қонақтардың тауда серуендеуіне қолайлы жағдай жасайды.

Қонақүй бизнесі үшін айналадағы инфрақұрылымның дамуының маңызы зор. Қонаққа демалыс пен бос уақытты өткізудің түрлі мүмкіндігі ұсынылған сайын, бұл аумақ бірнеше күн аялдайтын туристер үшін тартымды бола түседі.

Medeu Park Hotel & Qazaq Auyl бас менеджері Анна Калиеваның айтуынша, Медеу біртіндеп бір күнге ғана барып қайтатын орын деген түсініктен арылып келеді.

– Медеу – Алматының Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал көрікті орындарының бірі. Бүгінде оның «келіп, көріп, кететін» жерден турист бірнеше күн аялдағысы келетін толыққанды туристік бағытқа айналуына мүмкіндік мол, – дейді Анна Калиева.

Оның айтуынша, қонақтар таудағы демалысты жайлы қонақүй, гастрономия, SPA, серуен және басқа да демалыс түрлерімен ұштастыруға көбірек қызығушылық танытып жүр. Сондықтан қонақүй енді тек түнеп шығатын орын емес, туристік бағыттың бір бөлігіне айналып келеді.

– Біз тек қонақ қабылдайтын орын болып қалмай, осы аумақ пен жалпы туристік бағыттың ажырамас бөлігі болғымыз келеді, – дейді бас менеджер.

Тау бөктерінде жұмыс істейтін бизнес өкілдерінің бағалауынша, аумақтың дамуы қонақүйлер, мейрамханалар, серуендеу бағыттары мен демалыс нысандары өзара байланысқан біртұтас туристік ортаның қалыптасуына ықпал етіп отыр.

– Тау бөктері біртіндеп тұтас туристік кеңістікке айналып келеді, – дейді Анна Калиева.

Медеу маңындағы өзгерістер бизнес үшін де маңызды. Мұнда туристерді қызықтыратын жаңа орындар ашылып, қызмет түрлері көбейіп, жаңа бағыттар пайда болып жатыр. Осындай ортада қонақүй жеке нысан ретінде емес, ауқымды туристік ұсыныстың бір бөлігі ретінде жұмыс істейді.

– Аумақтың тартымдылығы бір ғана қонақүйге немесе бір көрікті орынға байланысты емес. Мұнда жалпы инфрақұрылым маңызды: жету қаншалықты ыңғайлы, қай жерде тамақтануға болады, немен айналысуға болады, нысандар арасында қатынау қаншалықты қолайлы және қонақ бүкіл сапары барысында қандай әсер ала алады – осының бәрі ескеріледі, – дейді Анна Калиева.

Сұраныстың сипаты да өзгеріп келеді. Қонақүй өкілдерінің айтуынша, қонақтар тауға жылдың барлық мезгілінде дерлік келеді. Көктем мен жазда серуендеу мен треккингке сұраныс жоғары болса, күзде корпоративтік іс-шаралар, стратегиялық сессиялар мен іскерлік кездесулер жиілейді. Ал қыста белсенді демалысқа қызығушылық сақталады.

– Қонақүй бизнесі жыл бойы сұранысқа ие болатын толыққанды қызмет түрлерін қалыптастырып, әр маусымда қонақтарға демалыстың түрлі нұсқаларын ұсынуы керек, – дейді бас менеджер.

Туристік маусымның ұзаруы шағын бизнеске де қосымша мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тамақтанудың жаңа форматтарын дамытуға, жабдықтарды жалға беру, экскурсиялық және спорттық қызметтер көрсетуге, сауықтыру бағдарламалары мен жылдың әр мезгілінде сұранысқа ие басқа да қызмет түрлерін ұсынуға жол ашылады.

Алдағы уақытта тау кластерінің дамуы шағын тұжырымдамалық қонақүйлер мен глэмпингтерден бастап ірі курорттық кешендерге дейінгі жаңа орналастыру орындарының пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Сонымен бірге жергілікті мәдениетке, аумақтың табиғи ерекшеліктеріне және қызмет көрсету сапасына қойылатын талап та арта түседі.

Бұл бизнес үшін нарықтың кеңейіп, жаңа бағыттардың ашылуын білдіреді. Ал қала үшін жылдың әр мезгілінде турист тарта алатын және түрлі қызметтерге тұрақты сұраныс қалыптастыратын туристік аумақты дамытуға мүмкіндік береді.