Қостанай облысында үш ірі ұялы байланыс операторы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар – Beeline, Kcell, сондай-ақ ALTEL және Tele2 қызметтерін көрсететін «Мобайл Телеком-Сервис».
Прокуратура жүргізген тексеру кезінде қылмыстық-атқару жүйесінің үш мекемесі аумағында ұялы байланыс сигналының рұқсат етілген деңгейден жоғары екені анықталған. Заң бойынша операторлар мұндай мекемелер аумағында радиосигналдың таралу деңгейін төмендетуге тиіс.
Прокуратураның мәліметінше, бұған дейін түзеу мекемелерінде ұялы телефон арқылы қылмыс жасау фактілері тіркелген. Соның бірінде сотталған адам телефон арқылы алаяқтық жасап, 4 миллион теңгеден астам шығын келтірген.
