Магистранттардың шәкіртақысы – 117 098 теңге.
2027 жылы студенттердің шәкіртақысы қанша болатыны белгілі болды
223
оқылды

2027 жылы Қазақстандағы студенттер, магистранттар мен докторанттардың мемлекеттік шәкіртақы мөлшері қандай болатыны белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік шәкіртақы мөлшері өзгермейді. Яғни студенттерге төленетін сома қазіргі деңгейде сақталады.

2027 жылы кім қанша шәкіртақы алады?

Бакалавриат студенттерінің ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақысы 52 372 теңге болады. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттер 84 000 теңге алады.

Магистранттардың шәкіртақысы – 117 098 теңге. «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын магистранттар мен резидент дәрігерлерге ай сайын 134 664 теңге төленеді.

Докторанттардың мемлекеттік шәкіртақысы 262 500 теңге деңгейінде сақталады.

Жоғары шәкіртақы кімдерге төленеді?

Аралық аттестаттау қорытындысы бойынша тек «өте жақсы» баға алған бакалавриат және магистратура студенттері жоғары мемлекеттік шәкіртақы ала алады. Оның мөлшері негізгі шәкіртақыдан 15 пайызға артық.

Осыған сәйкес, жоғары мемлекеттік шәкіртақы бакалавриат студенттері үшін 60 228 теңге, педагогикалық мамандықтарда мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер үшін 96 600 теңге болады.

Магистранттарға 134 663 теңге, ал «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын магистранттар мен резиденттерге 154 864 теңге төленеді.

Бұдан бөлек, білім алушылардың жекелеген санаттарына қосымша үстемақы қарастырылған. Көру және есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар студенттердің шәкіртақысына 75 пайыз, ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 30 пайыз үстеме қосылады.

Докторанттардың шәкіртақысы 500 мың теңгеден асуы мүмкін

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттердің шәкіртақысын алдағы бес жылда кезең-кезеңімен арттыру жоспары бар екенін айтқан.

Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай докторанттардың ай сайынғы шәкіртақысын 500 мың теңгеден асыру көзделіп отыр.

Қазақстанда бұған дейін шәкіртақыны кезең-кезеңімен көтеруге бағытталған бес жылдық бағдарлама жүзеге асырылды. 2026 жылғы наурызда Саясат Нұрбек Үкімет брифингінде бұл жұмысты жалғастыру жоспарланып отырғанын мәлімдеген.

Колледж студенттері қанша алады?

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау да соңғы жылдары артты.

Қазір Қазақстандағы 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Соңғы жылдары колледж студенттерінің шәкіртақысы екі есеге өсіп, 43 мың теңгеге жетті.

Сонымен қатар колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету көрсеткіші 95,4 пайызды құрайды.