Батыс Қазақстан облысында 10 жастағы баланың бірнеше жыл бойы қараусыз қалғаны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бала қоқыс арасынан тамақ пен киім тауып күн көрген, мектепке мүлдем бармаған.
Баланың құқығын қорғау үшін «Отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылы» сотқа жүгінген. Ұйым өкілдері оның анасын ата-ана құқығынан айыруды және алимент өндіріп, қаражатты баланың жеке депозиттік шотына аударуды сұраған.
Сот мәліметінше, бала дүниеге келгеннен бері қолайсыз жағдайда өмір сүрген. Анасы алкогольді ішімдікке әуес болған. Үйге бөгде адамдар жиі келіп жүрген. Бала тиісті күтім көрмеген, мектепке бармаған, соның салдарынан оқып-жазуды да үйренбеген.
Кейін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия баланы отбасынан алып, арнайы орталыққа орналастырған. Бірақ үш ай ішінде анасы ұлын бір рет те іздеп келмеген. Ол ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралған сот отырысына да қатыспаған.
Психолог қорытындысында баланың психологиялық жағдайы ауыр екені көрсетілген. Оның анасымен эмоционалдық байланысы үзілген, сондай-ақ бала анасынан қорқатынын айтқан. Ол әйел өзін қайтадан қоқыс үйінділеріне алып кетуі мүмкін деп қауіптенген.
Сот әйелдің ұзақ уақыт бойы ата-ана міндеттерін орындамағанын және жағдайды өзгертуге әрекет жасамағанын ескеріп, оны ата-ана құқығынан айыру туралы шешім шығарды.
Сондай-ақ әйелден баланы асырауға алимент өндіріледі. Қаражат баланың жеке депозиттік шотына аударылады.
