Жайбарақат жүрген, бейқамдық танытқан елдер пандемияға жем болып жатыр. Тегеурінді тәртіп пен пәрменді шаралар арқылы коронавирусты жеңуге болатыны мәлім болды. Осыған орай, елімізде күрес шаралары күшейтілуде. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында барлық дерлік кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы тоқтатылады.
Мұндай шұғыл шешімді Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия қабылдады. Оның селекторлық отырысын Премьер-Министр Асқар Мамин өткізді. Жиында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ахуал туралы әкімдер Алтай Көлгінов пен Бақытжан Сағынтаев баяндады.
Мемкомиссия коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою үшін еліміздің екі ірі мегаполисінде – елорда және Алматыда алдағы дүйсенбі, 30 наурыздан бастап, бір аптаға – 5 сәуірге дейін меншік түріне қарамастан, яғни мемлекеттік және жекеменшік барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімді бекітті.
Дегенмен қалалардың тіршілігін қамтамасыз ету үшін тек бірқатар санаттағы ұйымдарға жұмысын жалғастыруға рұқсат етілмек. Оның қатарында орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары, азық-түлік дүкендері, дәріханалар бар. Олардың толық тізімі қос қаланың әкімдіктерімен келісе отырып нақтыланады.
Өз кезегінде елордада Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жергілікті жедел штаб «Нұр-Сұлтан қаласының аумағында COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі қосымша шаралар туралы» шешімін жария етті. Оған сәйкес, қалада қауіпті індеттің жайылуы жағдайларының көбеюіне байланысты жедел штаб 28 наурыздан бастап елордада азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеді. Тұрғындарға тек азық-түлік, дәрі-дәрмектер сатып алу және жұмысқа бару үшін ғана көшеде жүруіне рұқсат етіледі. Далаға тіпті серуендеу үшін шығуға да болмайды.
«Халықтың жаппай жиналатын орындары – саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және басқалары жабылсын. Қоғамдық көліктің жұмысы кезең-кезеңмен шектелсін. Көшелерде және өзге де қоғамдық жерлерде 3 адамнан артық топтасып (отбасы мүшелерін қоспағанда) жиналуға тыйым салынсын. Ересек адамдардың еріп жүруінсіз кәмелетке толмағандардың жалғыз жүруіне тыйым салынсын» делінген астана әкімдігінің ресми сайтында жарияланған штаб шешімінде.
Астаналық Полиция департаментіне әлгі айтылған талаптарды бұзған не орындамаған адамдар қолға түссе, оларға тиісті әкімшілік шараларды дереу қабылдау жүктелді. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары азаматтардың қоғамдық орындарда, саябақтарда, көшеде себепсіз сенделуіне жол бермеу үшін қалада патрульдеу жұмысын ұйымдастырады.
Қаланың қоғамдық даму істері басқармасына жұқтыру ошақтарын оқшаулауды және оның таралу қауіптерін мейлінше азайтуды қамтамасыз етуге арналған шектеу және әлеуметтік оқшаулау шараларын БАҚ-та ақпараттық сүйемелдеу және бұл шаралардың маңызды екенін тұрғындарға түсіндіру тапсырылды.