Бүгінде медициналық ақпараттық жүйелер медицина қызметкерлерінің негізгі жұмыстарының бір бөлігіне айналды. Алайда деректерді қайта енгізу, ақпаратты әртүрлі бөлімдерден іздеу, кейбір операцияларды қолмен орындау және интернетке тәуелділік сынды шаралар жұмысты көбейтіп, емделушілерді қабылдауға арналған уақыттың біраз бөлігін алып кетеді.
Ақпараттық жүйеге оптимизация керек
101
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы мен «Саламатты қоғам» қалыптастырудың маңызын әлденеше рет атап өтті. Ол үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, дәрігердің пациентке көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасау қажет. Бұл бағыт «Әділет» партиясының адамға бағдарланған денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі сайлауалды бағдарламасында анық көрсетілген. Осыған байланысты Құрылтай депутаты, партия фракциясының мүшесі Русана Сулаймонова медициналық ақпараттық жүйелерді қолдану барысында туындайтын бірқатар мәселеге назар аудартқысы келеді.

Біріншіден, медициналық деректерді қайта іздеу және енгізу мәселесі өзекті. Пациенттің маңызды медициналық деректері жүйенің әртүрлі бөлімінде орналасқандықтан, дәрігер оларды қайта іздеуге немесе енгізуге мәжбүр. Бірыңғай анамнездің болмауы толық ақпаратты жылдам алуды қиындатып, дәрігердің уақытын алады. 

Екіншіден, медициналық қызметтердің ақпараттық жүйелер мен интернетке тәуелділігі де көп кедергі. Техникалық ақаулар немесе интернет болмаған жағдайда медициналық қызмет көрсету қиындайды. Бұл әсіресе шалғай ауылдар мен цифрлық мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін маңызды мәселе. 

Үшіншіден, медицина қызметкерінің атқарған жұмысы толық ескеріле бермейді. Кейбір көрсеткіштер медицина қызметкеріне ғана емес, пациенттің өзіне де байланысты. Дәрігер ем іздеп келген адамды шақырып, хабарлап, жолдама бергенімен, ол өзі келмей, бас тартып немесе байланысқа шықпауы мүмкін. Депутат осындай жайттарды негізге ала отырып, Денсаулық сақтау министрлігінен бірқатар шара қабылдауды талап етіп отыр. 

– Мәселен, медициналық ақпараттық жүйелерде пациенттің негізгі медициналық деректері негізінде бірыңғай анамнезі, созылмалы аурулары, аллергиясы және басқа да маңызды деректерін автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігін қарастырса жөн. Техникалық ақаулар немесе интернет болмаған жағдайда медициналық ұйымдардың жұмысын жалғастыру үшін бірыңғай резервтік тәртіп пен пациентті сәйкестендірудің баламалы тәсілдерін енгізу мүмкіндігін қарастыру да ұтымды шешім болар еді, – дейді ол депутаттық сауалында. 

Сондай-ақ медициналық ақпараттық жүйелерде медицина қызметкерінің нақты атқарған әрекеттерін тіркеу және есепке алу мүмкіндігін қарастыруды да қажетті шара санайды. Себебі пациенттің бас тартуы, қабылдауға келмеуі немесе байланысқа шықпауы медицина қызметкерінің жұмысын бағалауға негізсіз әсер етпеуі керек деген пікірде. Русана Русланқызы министр Ақмарал Әлназаровадан осы аталған шараларды жүйеге енгізу мәселесін қарастыруды сұрап отыр.