Іс-шараның басты мақсаты – қайраткердің шығармашылық мұрасын дәріптеп, оның ұлттық өнер қазынасына қосқан үлесін жас ұрпаққа таныту.
«Ұлт өнерінің аңызы»: Алматыда дәстүрлі әнші Манарбек Ержановты еске алды
209
оқылды

Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қазақтың біртуар әншісі, дәстүрлі өнердің дара тұлғасы Манарбек Ержановтың 125 жылдығына арналған «Манарбек Ержанов – ұлт өнерінің аңызы» атты еске алу кеші өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараның басты мақсаты – қайраткердің шығармашылық мұрасын дәріптеп, оның ұлттық өнер қазынасына қосқан үлесін жас ұрпаққа таныту.

Қонақтар кеш басталмас бұрын фойеде ұйымдастырылған «Манарбек мұрасы» көрмесімен танысып, «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы әнші-композитордың күйлерін тыңдады. Кештің салтанатты ашылуында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысының орынбасары Арман Халбеков пен Манарбек Ержановтың қызы Гауһар Манарбекқызы сөз алып, ұлы тұлға мұрасының маңызына тоқталды.

Концерттік бағдарламада «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» би ансамблі өнер көрсетті. Көрерменге Манарбек Ержановтың өз даусымен жазылған «Шегенің термесі» ұсынылып, әнді дәстүрлі ән өнерінің насихатшысы Нұрболат Исаев жалғастырды. Одан кейін сахнада дәстүрлі орындаушылар кезек-кезек өнер көрсетті: Мақпал Қазыбекқызы «Балқадиша», Зарина Рахманбердиева «Желдірме», Әділ Ахметжан «Ақ қурай», Дүйсенбек Өмірәлиев «Сайра бұлбұл» мен «Қойшының әні», Мадина Шарипова «Бақыт жыры», Жігер Омархан «Жетісу», Ақгүл Жиенбаева «Қуанамын», Нұрболат Ұзақбай «Жұмысшылар», Гүлім Алшынова «Қалқа», Ерғали Ағайдар «Қарғам ау», Диас Мұратхан «Қорлан», Рауан Әбілбаев «Ақсиса» әндерін шырқады.

Кештің ерекше қонақтары да көрермен ықыласына бөленді. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Аркенов Манарбек Ержановтың «Паравоз» шығармасын орындады. Ал Е.Рахмадиев атындағы Астана мемлекеттік академиялық филармониясының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы «Көк көгершін» әнін нақышына келтіре шырқады. Кеш қорытындысында Айзада Қазыбекқызы мен «Алатау» фольклорлық ансамблі орындаған «Ахау, керім» халық әні финалдық композиция ретінде тыңдалып, барлық өнерпаз сахнаға шықты.

Манарбек Ержанов – қазақтың кәсіби ән өнерінің қалыптасуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірегей тұлға. Оның орындаушылық мектебі мен шығармашылық мұрасы ұлттық музыка мәдениетінің алтын қорынан мәңгілік орын алды. Мерейтойға арналған тағылымды кеш ұлт өнерінің інжу-маржандарын жаңғыртып, Манарбек Ержановтың есімі мен өнегесін кейінгі буынға жеткізудің игі алаңына айналды.