Оның айтуынша, отбасылық мәселелерді көпшілік алдына шығарып, оны әйел құқығын қорғаумен байланыстыруға біржақты қарауға болмайды.
«Зұлымдықтың жынысы болмайды»: діндар Роза коучтың әрекетіне қатысты пікір білдірді
Коллаж: stan.kz
158
оқылды

Танымал діни ұстаз Данияр Кенжеұлы әлеуметтік желідегі жазбасында коуч Роза Әшірбаеваның әйел құқығы тақырыбындағы контентіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, отбасылық мәселелерді көпшілік алдына шығарып, оны әйел құқығын қорғаумен байланыстыруға біржақты қарауға болмайды.

«Роза қай әйелдің құқығын қорғады?» деген сауал қойған діни ұстаз әйелдің жанайқайын қоғамға жеткізу мен оның мәселесін әлеуметтік желідегі контентке айналдырудың аражігін ажырату қажет екенін жеткізді.

Данияр Кенжеұлы қазіргі қоғамда әйел мәселесінің табыс табу құралына айналып бара жатқанына да назар аударды. Оның пікірінше, әйелге өзінің бақытсыз екені, күйеуіне тәуелді екені қайта-қайта айтылып, кейін сол аудиторияға кітап, курс, сабақ пен марафон ұсынылуы мүмкін.

Діни ұстаз әйелдердің білім алуына, кәсіппен айналысуына немесе қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болуына қарсы емес екенін атап өтті. Дегенмен ол әйелді өз бетінше өмір сүруге ынталандыру мен ер адамдарға сенбеуге шақырудың арасында үлкен айырмашылық бар деп есептейді.

Сонымен қатар Данияр Кенжеұлы әйел құқығы туралы сөз болғанда ер адамды бірден кінәлі тарап ретінде көрсету дұрыс емес деген пікір білдірді.

«Зұлымдықтың жынысы болмайды» деген діни ұстаз отбасындағы мәселелерді шешудің жалғыз жолы ретінде ажырасуды ұсыну жеткіліксіз екенін алға тартты.

Оның пікірінше, әлеуметтік желідегі қызу талқылаулардың тасасында маңызды мәселелер қалып қояды. Атап айтқанда, зорлық-зомбылық көрген әйелдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оған нақты көмек көрсету, отбасындағы жанжалды шешу және ажырасқаннан кейінгі өміріне қолдау көрсету мәселелеріне назар аудару қажет.

Данияр Кенжеұлы отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін әр кезеңнің тарихи және құқықтық жағдайын ескере отырып зерттеу керегін де айтты. Ол мұндай тақырыптарға эмоциямен емес, нақты деректерге сүйеніп қарауға шақырды.

Айта кеткен жөн, бірақ бұған дейін Роза Әшірбаева Данияр Кенжеұлына қатысты сотқа жүгінетінін ескерткен болатын.