Соңғы жылдары Семейдің шеткі аумақтары біртіндеп жаңа қалалық кеңістікке айналуда. Соның ішінде Қарағайлы ықшам ауданының қарқыны айрықша. Мұнда тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік, спорттық нысандар, қоғамдық кеңістіктер бой көтеріп, шағынауданның өзіндік сәулеттік келбеті қалыптасып келеді. Енді осы аумақта ауқымды тұрғын үй жобасы жүзеге асырылмақ. Инвестициялық жобаның таныстырылымы барысында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жоба Cornerstone Construction ЖШС мен «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бірлесуімен, Абай облысы әкімдігінің қолдауымен іске асырылады.
Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, қазір Семей қаласы дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Сондықтан шаһардың бүгінгі мәселелерін шешумен қатар, оның ұзақмерзімді дамуына қажетті жағдай жасау маңызды.
–Біздің алдымызда жаңа аумақтарды игеру, тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, инвестициялар тарту және заманауи қалалық инфрақұрылымды қалыптастыру міндеті тұр, – деді облыс әкімі.
Бұл ретте Қарағайлының таңдалуы да заңды. Қазірдің өзінде шағынаудан қала тұрғындары үшін тартымды аумақтардың біріне айналып келеді. Былтыр мұнда Республика алаңы ашылса, жақында БИНОМ мектебі мен инклюзивті спорт кешенінің құрылысы басталды. Тұрғындар саны артқан сайын жаңа баспанаға, әлеуметтік нысандарға және қолайлы қоғамдық ортаға деген қажеттілік те өсіп отыр.
Жаңа инвестициялық жобаның ауқымы аз емес. Жалпы құны 100 миллион АҚШ долларына бағаланған жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қарағайлы ықшам ауданындағы 9,5 гектар аумақта инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымы қалыптасқан заманауи тұрғын үй орамын салу жоспарланып отыр.
Жоспар бойынша аумақтың 35 пайызы көгалдандырылып, субұрқағы бар саябақ аймағы жасалады. Аула кеңістігінде «автокөліксіз аула» тұжырымдамасы енгізіледі. Ал көлік иелеріне арналған 1 771 тұрақ орны қарастырылған. Яғни жобаның негізгі философиясы – тұрғын үйді ғана емес, өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыру.

Қазіргі тұрғын үй құрылысына қойылатын талап бұрынғыдан өзгерді. Адам үшін төрт қабырға мен шаршы метрдің болуы жеткіліксіз. Тұрғын үйдің айналасындағы қоғамдық кеңістік, көгалдандыру, қауіпсіздік, балаларға арналған орта, қызмет көрсету орындары мен көлік инфрақұрылымы да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағайлыдағы жоба «комфорт +» форматына бағытталған. Тұрғын үйлердің алғашқы қабаттарында жалпы аумағы 7,3 мың шаршы метр болатын коммерциялық үй-жайлар орналасады. Мұнда тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік беретін қызмет көрсету және сауда нысандары қарастырылған. Сонымен бірге жеке балабақша мен дамыту-оқыту орталығын орналастыру жоспарланып отыр. Жоба авторлары заманауи технологияларға да басымдық бермек. Атап айтқанда, тұрғын үй кешенінде Smart City жүйесін енгізу, нысандарда Face ID технологиясын қолдану көзделген.
Бұл – тұрғын үй құрылысының жаңа кезеңге бет бұрғанын аңғартатын үрдіс. Қала инфрақұрылымы цифрлық технологиялармен ұштасқан сайын қауіпсіздік, басқару және тұрғындарға қызмет көрсету жүйелері де өзгере түседі.
Жобаның тағы бір маңызды қыры – оның 100 пайыз тікелей шетелдік инвестиция есебінен қаржыландырылуы. Өңір экономикасына сырттан капитал тарту – кез келген аймақ үшін маңызды міндет. Себебі инвестиция жаңа нысан салумен бірге құрылыс саласына серпін береді, мердігерлік ұйымдардың жұмысын жандандырады, жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына ықпал етеді. Сондықтан Қарағайлыдағы жоба Семейдің тұрғын үй нарығы үшін ғана емес, қаланың инвестициялық тартымдылығы тұрғысынан да мәнді. Облыс әкімі Берік Уәли жобаның ерекшелігіне тоқтала келе, инвесторлардың Семей мен Абай облысының әлеуетіне сенім артып отырғанын атап өтті. Шын мәнінде, инвестор үшін қаржы салынатын аумақтың қазіргі ахуалы ғана емес, оның ертеңгі даму мүмкіндігі де маңызды. Қарағайлының соңғы жылдардағы өзгерісі бұл аумақтың Семейдің жаңа қалалық орталықтарының біріне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Ал жаңа тұрғын үй кешені осы үдерісті одан әрі жеделдетуі мүмкін.
Инвестициялық жобаның таныстырылымы барысында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхтар Әлімханұлы мен Cornerstone Construction ЖШС директоры Liu Binsheng ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум – ауқымды жобаның келесі кезеңіне жол ашатын маңызды қадам. Ендігі міндет – жоспарланған көрсеткіштерді нақты құрылыс жұмыстарына ұластыру.
Семей үшін бұл жобаның мәні тек жаңа пәтерлер санымен өлшенбейді. Оның артында қаланың кеңеюі, жаңа инженерлік желілер, абаттандырылған аумақтар, қоғамдық кеңістіктер және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің жаңа форматы тұр.
Абай облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ерсін Кенжебекұлының мәліметінше, Абай облысында тұрғын үй құрылысы бойынша оң динамика қалыптасып отыр.
– Жалпы, облыста тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда, – дейді ол.
Қала – үнемі қозғалыстағы тірі организм. Оның келбеті жаңа ғимараттармен ғана емес, сол ғимараттардың адамдардың өміріне қаншалықты жайлы орта қалыптастыратынымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағайлыдағы жоба Семейдің жаңа архитектуралық және әлеуметтік кеңістігін қалыптастырудың бір бөлігі болмақ.
Семейдің тарихи келбеті оның өткенін айғақтаса, Қарағайлы секілді жаңа шағынаудандар қаланың келешегін көрсетеді. Ал бұл келешектің қандай болатыны инвестиция көлемімен ғана емес, заманауи қалалық мәдениет пен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға қаншалықты мән берілетінімен айқындалмақ.
Эльмира Жүрсінбекқызы, Абай облысы
