Тәуелсіз Қазақстанды әлем­ге таны­туға атсалысқан дипломаттар­дың өмірі мен қызметі бір кітапқа жинақталды. Астанадағы Ұлттық музейде журналист, дипломат Гүлсім Еңсепованың «Дипломатия дарабоздары» атты еңбегі таныстырылды. Жинақта еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуына үлес қосқан 20 тұлғаның кәсіби жолы автордың естеліктерімен сабақтаса баяндалады.
Ел дипломатиясының шежіресі
112
оқылды

Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жыл­дығы қарсаңында жарық көрген кітапты жазуға үш жыл кеткен. Оған әр кезеңде Сыртқы істер министрі, елші және уақытша сенімді өкіл болған азаматтар туралы очерктер енген. Олар­дың қатарында Төлеутай Сүлей­менов, Мырзатай Жолдасбеков, Қуа­ныш Сұлтанов, Бірғаным Әйтімова және Сағынбек Тұрсынов бар.

Гүлсім Еңсепова дипломатиялық қызметке журналистикадан келген. «Егемен Қазақстан» газетінде сегіз жыл еңбек еткен қаламгер кейін Сыртқы істер министрлігінде жұмысын жалғас­тырады. Германия, Венгрия және Беларусьтегі Қазақстан елшіліктерінде түрлі қызмет атқарған. Сондықтан кітап кейіпкерлерінің көпшілігін ресми өмірбаяны арқылы ғана емес, бірге істеген жұмысынан, күнделікті қарым-қатынасынан таниды.

– Бұл кісілердің барлығын өз көзіммен көрдім, бірге жұмыс істедім. Сондықтан олардың саяси портретін жасауды болашақ ұрпақ алдындағы аманатым деп қабылдадым. Дипломат болуды армандайтын жастар үшін бұл кітаптың берер өнегесі көп деп ойлай­мын, – деді Гүлсім Еңсепова.

Тұсаукесерге қатысқан Қазақстан­ның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов алғашқы дип­ломатиялық өкілдіктерді ашу кезеңін еске алды. Ол автордың жас маманнан тәжірибелі дипломатқа дейінгі жолына тоқталып, еңбектің қазақ тілінде жа­рық көруін ерекше бағалады.

Іс-шарада ерекше тапсырмалар жө­ніндегі елші Ұлан Қасымбеков Сыртқы істер министрлігі басшылығының құт­тықтау хатын жеткізіп, авторға естелік сыйлық табыстады. Хатта елге қызмет еткен дипломаттардың өнегесін оқы­рманға жеткізудің ұрпақтар сабақ­тастығын нығайтудағы мәні атап көр­сетілген.

Жинақ халықаралық қатынастар, саясаттану және журналистикаға қы­зы­­ға­тын оқырманға да арналған. Өзі көрген, білген дүниелерді жастарға жет­кізуді көздеген автор жаңа еңбектің оқу барысында да пайдасы тиеріне се­нім білдірді.

Ә.МҰХАНБЕТ