Ал ұн, нан, сүйексіз сиыр еті, қой еті және тауық етінің бағасы өзгермеген.
Қазақстанда пияз бен қант арзандады: азық-түліктің қазіргі бағасы белгілі болды
109
оқылды

Қазақстанда бір апта ішінде пияз, қант, алма және картоп арзандады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ведомство дерегінше, 7 қазандағы жағдай бойынша бір аптада пияздың бағасы 4 пайызға, қант 2,6 пайызға, алма 1,8 пайызға, картоп 1 пайызға және сәбіз 0,8 пайызға төмендеген. Сондай-ақ балық 0,3 пайызға, қаймақ, ет фаршы мен күріш 0,2 пайызға арзандады.

Ал ұн, нан, сүйексіз сиыр еті, қой еті және тауық етінің бағасы өзгермеген.

Өңірлер арасында азық-түлік бағасының төмендеуі Атырауда байқалды. Мұнда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің жалпы бағасы 0,3 пайызға арзандаған. Түркістан мен Ақтауда бұл көрсеткіш 0,1 пайызды құрады. Ал Астана, Алматы, Ақтөбе, Жезқазған, Қонаев, Павлодар, Талдықорған және Тараз қалаларында бағалар бұрынғы деңгейде сақталған.

Ұлттық статистика бюросы жекелеген өнімдердің орташа бағасын да жариялады. Мәселен, Қазақстан бойынша пияздың бір килограмы орта есеппен 133 теңге тұрады. Ең арзан пияз Талдықорғанда тіркелген – 108 теңге. Қанттың орташа бағасы 435 теңге болса, Ақтөбеде оның бір килограмы 368 теңгеден сатылған.

Алманың республика бойынша орташа бағасы 699 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкентте тіркелген – 494 теңге. Қиярдың орташа бағасы 536 теңге болған. Түркістанда оның килограмы 346 теңге, Таразда 414 теңге тұрады.

Айта кеткен жөн, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 31 түрлі өнім енгізілген. Олардың бағасы апта сайын бақыланады.