Қазақстаннан Оманның Салала қаласына екі жаңа халықаралық әуе бағыты ашылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алғашқы рейстер қазан айының соңында орындалады. Ведомство мәліметінше, Air Astana әуе компаниясы 23 қазаннан бастап Алматы – Салала бағыты бойынша ұша бастайды. Рейстер аптасына бір рет, жұма күндері орындалады.
Ал 24 қазаннан бастап Астана – Салала бағыты ашылады. Елордадан ұшақтар аптасына бір рет, сенбі күндері қатынайды. Екі бағытта да Airbus A320 ұшақтары пайдаланылады.
Қазір Қазақстан мен Оман арасында Алматы – Маскат бағыты бойынша тұрақты әуе қатынасы бар. Бұл бағытта Salam Air компаниясы қызмет көрсетеді. Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа рейстер екі ел арасындағы туристік, іскерлік және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Салала – Оманның оңтүстігіндегі Дофар өңірінің әкімшілік орталығы. Қала Араб теңізінің жағалауында орналасқан және жағажай демалысымен танымал. Жаңа бағыттардың ашылуы қазақстандықтарға Оманның астанасы Маскатқа соқпай-ақ, Салалаға тікелей ұшуға мүмкіндік береді.
