Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға қажетті оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерге қатысты 111 817 қажеттілік әлі өтелмеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерге қатысты 574 097 қажеттілік тіркелген. Оның 462 280-і орындалған. Бұл жалпы көлемнің 80,6 пайызын құрайды.
Әсіресе протездік-ортопедиялық көмек пен санаторийлік-курорттық емдеуге қатысты көрсеткіш төмен. Мәселен, протездік-ортопедиялық көмекке қатысты 87 726 қажеттіліктің 57 928-і ғана өтелген. Ал санаторийлік емдеуге қатысты 151 622 қажеттіліктің 103 299-ы орындалған.
Сондай-ақ 16 822 кресло-арбаға қатысты қажеттіліктің 14 337-сі өтелген. Ымдау тілі мамандарының қызметіне қатысты көрсеткіш 96,6 пайызға, жеке көмекшілер қызметі бойынша 97,4 пайызға жеткен.
Министрлік мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орындалған қажеттіліктер саны 27 785-ке көбейген. Жалпы көрсеткіш 80,3 пайыздан 80,6 пайызға көтерілген.
Айта кетейік, 111 817 деген көрсеткіш адам санын емес, орындалмаған қажеттіліктер мен қызметтер санын білдіреді. Бір адамға бірнеше қызмет қажет болуы мүмкін.
