NASA мәліметінше, олардың бір бөлігі ғаламның алғашқы кезеңінде пайда болған аса ірі қара құрдымдармен байланысты болуы мүмкін.
Ғарыштағы жұмбақ қызыл нүктелер қара құрдым болуы мүмкін – NASA
92
оқылды

Ғалымдар ғарыш кеңістігінде анықталған ерекше қызыл нүктелердің табиғатын түсіндіруге тырысып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

NASA мәліметінше, олардың бір бөлігі ғаламның алғашқы кезеңінде пайда болған аса ірі қара құрдымдармен байланысты болуы мүмкін. АҚШ ғарыш агенттігі 9 қазанда «Джеймс Уэбб» телескопының қара құрдымдарды зерттеуге қосқан үлесі туралы жаңа ғылыми түсіндірме жариялады. Ғалымдардың назарын аударған нысандар «кішкентай қызыл нүктелер» деп аталады. Олар телескоп түсірген ерте ғалам суреттерінен анықталған.

Зерттеушілердің мәліметінше, мұндай нысандардың кейбірі Үлкен жарылыстан шамамен 600 миллион жыл өткен кездегі ғарыш кеңістігінде байқалады. Ал шамамен екі миллиард жылдан кейінгі кезеңде олардың саны күрт азаяды. Ғалымдар бұл нүктелердің аса ірі қара құрдымдардың айналасында жиналған газ бен шаңнан пайда болатын сәулемен байланысты болуы мүмкін екенін болжайды.

Бірақ олардың табиғаты әлі толық анықталған жоқ. Кейбір зерттеушілер мұндай нысандарды ерекше жұлдыздар немесе тығыз газ бұлттары болуы мүмкін деп есептейді. NASA мәліметінше, «Джеймс Уэбб» телескопы инфрақызыл сәулелер арқылы миллиардтаған жыл бұрын пайда болған ғарыш нысандарын зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл ғалымдарға алғашқы галактикалар мен қара құрдымдардың қалай қалыптасқанын түсінуге көмектеседі. Алдағы уақытта Nancy Grace Roman ғарыш телескопының бақылаулары да осы зерттеулерге қосымша дерек беруі мүмкін.