Көкшетаудағы Васильков шағынауданында жұмысшы салынып жатқан тұрғын үйде биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды.
Көкшетауда жұмысшы 5 метрден астам биіктіктен құлап, аса ауыр жарақат алды
Фото: iStock
188
оқылды

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам кемінде 5 метр биіктіктен құлаған. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, мемлекеттік еңбек инспекциясы мән-жайды анықтауға кірісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Белгілі болғандай, ер адам биік баспалдақтан құлап кеткен. Зардап шегушінің алған жарақаты ауыр екені айтылған. Баспалдақ аралығынан төменге құлап кеткен ер адамның ашық бас-ми жарақаты, омыртқасы мен басқа да сүйектері сынған.

Аталған дерекке қатысты Көкшетау қаласының полициясы қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Жазатайым оқиғаға қатысты Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті де ресми түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, әзірге жұмыс берушіден өндірістегі жазатайым оқиға туралы ресми хабарлама түспеген.

– Осы оқиға бойынша Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне жұмыс берушіден жазатайым оқиға туралы хабарлама келіп түскен жоқ. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде. Жұмыс берушінің жазатайым оқиға фактісі туралы хабарламауы үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Одан кейін жазатайым оқиға фактісі туралы хабарлама беру бөлігінде нұсқама орындалады», –  деп мәлімдеді департамент өкілдері.

Қазір оқиғаның қалай болғаны және оған қандай жағдайлар себеп болғаны анықталып жатыр. Жұмыс берушінің тиісті органдарға хабарламау фактісіне де құқықтық баға берілуі мүмкін.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.