Тәжікстанда да қазақстандық өнімнің үлесі осы кезеңде 15%-дан 74%-ға дейін артып, 2025 жылы 90%-дан жоғары деңгейге жетті.
Қазақстан 2028 жылға қарай май экспортын 1,5 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
117
оқылды

Қазақстан май өнімдері өндірісінің экспорттық әлеуетін жүйелі түрде арттырып, отандық шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға басымдық беріп келеді. 2028 жылға қарай еліміз май өнімдерінің экспортын 1,5 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл қазіргі деңгейден шамамен 60%-ға жоғары, - деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Осы межеге жету үшін өндіріс орындарын кеңейту, шикізат қорын молайту, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және шетелдік нарықтардағы сауда ауқымын арттыру жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы мәліметінше, еліміздің май өнімдерін экспорттаудан түсетін валюталық кірісі соңғы бес маусымда бес есе өсіп, 247 млн доллардан 1,232 млрд долларға жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл саланың үлесі еліміздің өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының жалпы көлемінде 27% болды. Мұндай көрсеткіштер агроөнеркәсіптік кешендегі елеулі өзгерістерді айғақтайды.

Атап айтқанда, шикізатты ел ішінде өңдеп, дайын өнімді сыртқы нарықтарға шығарудың маңызы жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда Қазақстандағы май өңдеу кәсіпорындарының жалпы жылдық өндірістік қуаты 5,2 млн тоннадан асады. Алдағы жылдары жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделген. Сонымен қатар шикізатты терең өңдеуге және ішкі әрі сыртқы нарықтарда сұранысқа ие дайын өнім өндірісін ұлғайтуға басымдық берілмек. Қазақстанның Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, саланы дамытудың негізгі бағыттарының бірі – өсімдік майын тазарту қуаттарын арттыру.

«2026–2028 жылдары өсімдік майын тазарту қуаттарын 2,1 есе арттырып, жылына 1 млн тоннадан асыру жоспарланып отыр. Бұл бөтелкеге құйылып, қапталған тазартылған күнбағыс майының өндірісін 2,4 есе ұлғайтуға және дайын өнім экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді. Келесі кезеңде өсімдік майлары негізіндегі тағамдық майлар мен маргарин өнімдерінің өндірісін дамытуға басымдық беріледі», – деді Ядыкар Ибрагимов.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттаудан әлемде алтыншы орынға, ал Қытайға күнбағыс майын жеткізуші елдер арасында екінші орынға шықты. Бұған қоса, 2024/2025 маркетингтік маусымның қорытындысы бойынша еліміз Қытай нарығына рапс майын жеткізетін бес ірі елдің қатарына енді.

Қазақстан күнбағыс күнжарасын Еуропалық одақ пен Қытайға жеткізуші жетекші үш елдің қатарында. Сонымен бірге еліміз Орталық Азия мемлекеттерінің осы өнімге деген сұранысының едәуір бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыстар да нығайып келеді. Қазақстан Өзбекстан мен Тәжікстанға өсімдік майын жеткізетін жетекші елдердің біріне айналды. Өзбекстан нарығындағы қазақстандық өнімнің үлесі 2017 жылғы 13%-дан 2024 жылы 65%-ға дейін өсіп, 2025 жылы 90%-дан асты.

Тәжікстанда да қазақстандық өнімнің үлесі осы кезеңде 15%-дан 74%-ға дейін артып, 2025 жылы 90%-дан жоғары деңгейге жетті. Жалпы, Қазақстанда өндірілген май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады.

Негізгі өткізу нарықтарының қатарында Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, Еуропалық одақ елдері және Таяу Шығыс бар. Ұзақ мерзімді мақсат – Қазақстанды күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі жетекші үш елдің қатарына қосу және май өнімдерінің экспортынан түсетін жылдық валюталық кірісті 2 млрд долларға жеткізу.

Сала дамуының маңызды шарттарының бірі – отандық шикізат қорын ұлғайту. 2021 жылдан бері Қазақстанда күнбағыс егілетін алқаптардың көлемі 2,3 есе өсіп, 958 мың гектардан 2026 жылы рекордтық 2,2 млн гектарға жетті. Алайда отандық өңдеу кәсіпорындарының шикізатқа деген сұранысы әлі де жоғары, ал қолда бар шикізат көлемі бұл қажеттілікті толық өтеуге жеткіліксіз.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ынталандырудың тағы бір тиімді жолы – өңдеуші кәсіпорындардың шаруаларға тікелей қаржылай қолдау көрсетуі. Бұл қаражат көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге, тұқым, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға жұмсалады. Тек 2025 жылдың өзінде осы мақсаттарға 43 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.