«Астана Балет» театрында алғаш рет Symphony Time симфониялық музыка фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль аясында қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен үш концерт өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Astana Ballet Orchestra симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен скрипкашы Ержан Құлыбаев пен пианистер Әлім Бейсембаев және Әмір Тебенихин өнер көрсетті.
Фестиваль бағдарламасына Петр Чайковский, Дмитрий Шостакович, Сергей Прокофьев және Сергей Рахманиновтің шығармалары енді. Атап айтқанда, скрипка мен оркестрге арналған концерт, фортепиано мен оркестрге арналған №1 концерт, Петр Чайковскийдің №5 симфониясы, Дмитрий Шостаковичтің №5 симфониясы, Сергей Прокофьевтің фортепиано мен оркестрге арналған №3 концерті және Сергей Рахманиновтің «Симфониялық билері» орындалды.
«Symphony Time – Astana Ballet Orchestra ұжымын дербес симфониялық оркестр ретінде көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берген маңызды жоба. Фестиваль оркестр мен еліміздің талантты жеке орындаушыларының басын қосып, ұжымның шығармашылық ізденісіне тың серпін берді», – деді «Астана Балет» театры оркестрінің бас дирижері Арман Оразғалиев.
Symphony Time фестивалі өнер ұжымы үшін жаңа белес болды. Осы фестивальде оркестр симфониялық туындылардан құралған дербес бағдарламасын алғаш рет көпшілікке ұсынды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
