Астанада жобалық басқарудың жаңа тәсілдеріне арналған People&Projects Forum: Biomimetic & Management форумы өтті.
Елордада жобалық басқарудың жаңа форматы талқыланды
Фото: gov.kz
127
оқылды

Астана қаласында жобалық басқаруды дамытуға арналған жыл сайынғы халықаралық People&Projects Forum: Biomimetic & Management форумы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Форум мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен академиялық қоғамдастықтың өкілдерін біріктіріп, тәжірибе алмасу және жобалық басқарудың заманауи тәсілдерін талқылау алаңына айналды.

Форумды Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Astana IT University және People&Projects консалтингтік агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды. Форум жобалық менеджмент саласындағы жетекші сарапшылар мен практиктерді біріктіріп, тәжірибе алмасуға, өзекті үрдістерді талқылауға және жобаларды басқарудың заманауи тәсілдерін әзірлеуге бағытталған маңызды жыл сайынғы кәсіби алаң болып саналады.

Форумның ашылуында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев мемлекеттік басқару жүйесінде жобалық басқаруды дамытудың, мемлекеттік бастамаларды іске асыру тиімділігін арттырудың және мемлекеттік органдар қызметінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың маңыздылығын атап өтті.

Форумның негізгі тақырыбы тірі жүйелердің қағидаттарын ұйымдар мен жобаларды басқаруда қолдануға арналды. Қатысушылар табиғи жүйелерге тән бейімделу, өзара әрекеттесу, ресурстарды бөлу және тұрақтылықты сақтау тетіктерін басқару процестерін жетілдіру және жобалық қызметтің тиімділігін арттыру тұрғысынан талқылады.

Форумның бірінші күні менеджментте биомиметикалық тәсілдерді қолдану мәселелеріне арналды. Сарапшылар коммуникациялар, жүйелі ойлау және тәуекелдерді басқару бағыттарында тірі жүйелердің жұмыс істеу қағидаттарын қарастырып, ұйымдардың тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға арналған ғылыми тұжырымдамалар мен практикалық құралдарды ұсынды.

9 қазандағы сараптамалық бағдарламаға Анна Штайнцайг (Anna Steinzeig), Анар Есенгелдина, Ильяс Адильханов, Василь Галимов, Михаил Плотников, Сергей Колов, Каергелди Махамбетов, Карлығаш Сыдыкова, Зарина Биюмбаева және Петр Немой қатысты.

Сондай-ақ осы күні жобалық басқаруды дамытуға елеулі үлес қосқан жобалық командалар, басқарушылар мен ұйым басшылары марапатталған People&Projects Awards салтанатты рәсімі өтті.

Форумның екінші күні цифрлық трансформация жағдайында жобалық басқаруды дамытуға арналды. Негізгі назар жобалық офистердің қызметін жетілдіруге, басқару практикасында жасанды интеллектіні қолдануға, мониторинг пен аналитиканы цифрландыруға, сондай-ақ жобаларды іске асыруды үйлестіру мен бақылау тиімділігін арттыруға аударылды.

10 қазанда Рашад Ибрагимов, Петр Немой, Дилара Абжанова, Салтанат Қозғанова, Абылайхан Қадыров, Мерей Нұрсұлтанов және Мираим Атанаева баяндамалар жасап, практикалық кейстер ұсынды.

Форум барысында Қазақстандағы жобалық басқаруды дамытудың негізгі бағыттары, оның ішінде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, деректерді жинауды автоматтандыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері таныстырылды. Нормативтік базаға енгізілген өзгерістер жобалық сипаттағы жобалар мен процестік іс-шараларды ажыратуға, әкімшілік жүктемені азайтуға және жобалық офистер жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Автоматтандыру шеңберінде жобалық басқарудың цифрлық жүйесін бірқатар мемлекеттік ақпараттық жүйелермен тестілік интеграциялау жүргізілді. Келесі кезеңде деректер алмасуды және жобалардың іске асырылу мәртебесін мониторингтеуді автоматтандыру, сондай-ақ көрсеткіштерді талдау, ауытқуларды анықтау, тәуекелдерді болжау және басқарушылық шешімдерді қолдау үшін жасанды интеллектіні қолдануды кеңейту көзделген. Бұл қолмен есеп беру тәжірибесінен жобаларды басқарудың неғұрлым интеллектуалды әрі нәтижеге бағдарланған моделіне көшуге мүмкіндік береді.

Форумның екінші күні орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің жобалық офистері арасында тәжірибе алмасу сессиясы да өтті. Қатысушылар жобалық қызметті ұйымдастыру, командалардың өзара іс-қимылы және цифрлық шешімдерді қолдану тәжірибесімен бөлісті. Сессия барысында жобалық басқаруды дамытуға және жобаларды іске асыру нәтижелілігін арттыруға бағытталған практикалық тәсілдер талқыланды. Аталған сессияда Альтаир Ахметов, Тимур Джунельбаев, Динара Абдигалиева, Гүлпара Ташенова және Мөлдер Баймағанбетова сөз сөйледі.

Қатысушылар жасанды интеллект дәуіріндегі жоба басшыларының құзыреттерін дамыту, жобалық басқарудың цифрлық жүйелерін енгізу және жобалар мен стратегиялық құжаттардың іске асырылуын мониторингтеу үшін аналитикалық құралдарды пайдалану мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар тиімді коммуникацияларды қалыптастыруға, жүйелі ойлауды дамытуға, тәуекелдерді басқаруға және жобалық офистердің қызметін жетілдіруге ерекше назар аударылды. Отандық және шетелдік сарапшылар мемлекеттік секторда, бизнесте және білім беру саласында PMI, IPMA, ISO және Prosci халықаралық стандарттары мен әдіснамаларын қолдану тәжірибесімен бөлісті.

Форум аясында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жобалық басқаруды дамытуға үлес қосқан орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың жобалық офистері Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің алғыс хаттарымен марапатталды.