Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың арасында өнерімен ерекшеленіп жүрген жастар аз емес. Солардың бірі – өлең жазуды жанына серік еткен ақын Құдіретұла Юсупжанов.
Ақын Отан алдындағы борышын өтеп жүр
Фото: ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінен алынды
97
оқылды

Түркістан облысы Қаратау ауданының тумасы Құдіретұла бүгінде әскери қызметін абыроймен атқарып жүр. Ол бала кезінен әдебиетке қызығып, өлең жазуға ерекше ықылас танытқан. Сөз өнеріне деген сүйіспеншілігінің арқасында осы уақытқа дейін 100-ге жуық өлең шығарған.

Жас ақынның шығармашылығында туған жерге деген сағыныш, Отанға деген сүйіспеншілік, ата-анаға құрмет пен адамгершілік құндылықтар кеңінен көрініс табады. Оның өлеңдері жүрек түкпіріндегі сезімдерді жеткізіп, оқырманға ой салады.

Әскери қызмет – жас сарбаз үшін тек міндет пен жауапкершілік мектебі ғана емес, сонымен қатар тұлғалық дамуға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Құдіретұла да әскери тәртіпті меңгеріп, жауынгерлік даярлықтан өтуімен қатар, шығармашылық қабілетін шыңдауды жалғастырып келеді.

Отан алдындағы борышын өтей жүріп, өлең жазуға уақыт табуы оның өнерге деген шынайы ықыласын аңғартады. Ақын сарбаз үшін әскери өмірдің әрбір сәті де шабыт көзіне айналуы мүмкін. Жауынгерлік рух, достық, бірлік пен елге қызмет ету ұғымдары оның шығармашылығына тың серпін беретіні сөзсіз.

Құдіретұла Юсупжановтың бойындағы ақындық қабілет пен азаматтық ұстаным – жас ұрпаққа үлгі боларлық қасиеттер. Оның алдағы уақытта да қаламын серік етіп, жаңа туындылар жазатынына сенім мол.