Компьютер жайы қинайды
Қашықтан оқу сөз болғанда алғашқы мәселе – интернет сапасы мен компьютер тапшылығы. Өйткені әлеуметтік желіде жағдайының жетпейтінін айтып, қай құралдың қажет екенін білмей шырылдап жүрген ата-ана көп. Осы орайда Білім және ғылым вице-министрі еліміздегі мектептердің 98%-ы интернет жүйесімен қамтылғанын атап өтті. Ал сөз төркіні үйдегі интернет пен ата-ана жайын нұсқағанда министрлік жергілікті Білім басқармаларымен келелі кеңес өткізген. Жалпы, елімізде жағдайы төмен отбасында мектеп жасындағы 350 мың бала бар. Мұны министрлік тізімдеген екен. Мәселені үш тараптан шешуді көздеген олар алдымен мектептегі компьютерлерді оқушыларға жеткізуді ойлап отыр. Одан кейін үнемделген қаражат есебінен компьютер мен планшет алуды қарастырмақ. Үшіншісі, әрине, жомарт жанның көңіліне ықтияр. Кімнің үйінде бос компьютер бар, соны мұқтаж адамға беруін сұрайды. Бұл жұмысты жергілікті билік, Білім басқармасы мен әкімдікке тапсырады. Ал Ұлттық білім Академиясы мұны үш түрге бөліп қарастырады. Алдыңғысы – ұстаз да, оқушы да онлайн сабаққа қатысатын топ. Екіншісі – мұғалімде мүмкіндік бар болғанымен, оқушы онлайн дәріске қатыса алмайтын бөлік. Үшінші тарапта – үйінде мүлдем интернет желісі жоқ, оффлайн режимдегі оқушы. Сондықтан олар бар мүмкіндікті сынап көруді жөн дейді. Әлеуметтік желі мен смартфонды да оқу алаңына айналдыру керегін алға тартты. Айта кетерлігі, онлайн білім алуға смартфон жарағанымен, білім беруге компьютер қажет. 1 аптадан соң IV тоқсан басталады. Қашықтан оқу көшіне ілесу үшін мұғалім мен оқушы дайындықты бастап кетті. Арасында сынақ түрінде онлайн сабақ ұйымдастырылады. Осы сабақты бақылап жүрген ата-ана Ардагүл Нығметтің айтуынша, интернет сапасы нашар болса бала көңілі сусап қалады. Дәрісті қарағысы келмей, мәжбүрлеген соң орнынан тапжылмайды екен. Баласы қашықтан оқуға көшкесін ата-ана ең мықты деген интернет пакетті сатып алған. Алайда арнайы қосымшаға кіргенде бәрібір интернет сапасынан платформа мардымды жұмыс істемейді. «Мәселенің бәрі интернет сапасына келіп тіреледі» дейді ата-ана.Демалыс сұрап жүрген кім?
«Онлайн сабақ, басқа деп мұғалімдерді шаршатпай, жаппай мектепті 25 мамырды күтпей каникулға жіберу керек» деген үндеу негізіндегі хабарлама Facebook-тен бастау алып, WhatsApp мессенджері арқылы тарап жатыр. Автордың сипаттауынша, қазір шала жансар, қалтырап-дірілдеп жасалған дүниеден ештеңе өнбейді-мыс. Осындай мәтіндегі хабарламаға ұстаздар қауымы дүрлікті. Өйткені мектепті таратса, мұғалімге жалақыны кім бермек? Әлеуметтік желіде Айман Сағидулла бастаған ұстаздар жазбаға қарсылығын білдірді. Әрі 11-сынып оқушыларының қайтсе де білім алуға ұмтылу керегін меңзеді. Қазір каникулға жібердік дегеннің өзінде жазда оқу жандануы мүмкін екенін алға тартты. Ал бұл мемлекеттік стандартты бұзады. Ұстаздар қауымының ойынша, қайта білім жүгі жеңілдейді. Себебі ата-ана үйінде баланың сабағын жан-жақты қадағалауға көшіп, өздері де жаңаны үйренбекке бет бұратынына сенімді. Смартфонды уақыт өткізу құралы емес, тиімді пайдалану режимі оқу санасына сіңетініне қуанады. Ал қашықтан оқуға күмәнмен қарап, қолдан келмейді дейтіндерге белгілі ұстаз Өмір Шыныбекұлының айтары бар. «Түбі қашықтан оқыту мен оқуды үйренуіміз керек еді. Төтенше жағдай болмағанда «анау жоқ», «мынау жоқ» деп жүре берер едік. Қашықтан оқыту мұғалім мен оқытушыға немесе оқушы мен студентке ғана қажет емес. Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп жатқан мынау заманда бәрімізге қажет. «Өсемін» дейтін жас маманға, «көштен қалмайын» дейтін сақа маманға қажет. «Балам білімді болсын» дейтін көзі ашық ата-анаға керек» дейді ұстаз.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ