Қазақстанда азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейіп, мемлекеттік органдармен байланыс орнатуға арналған цифрлық платформалар дамып, қоғамдық бақылау тетіктері жетілдіріліп келеді.
Мирлан Медетов: Қазақстанның мемлекеттік басқаруды цифрландыру тәжірибесі қызығушылық тудырады
142
оқылды

Бұл өзгерістер қоғамның сенімі мен ашықтықты нығайтуға ықпал етеді. Мұндай пікірді қырғызстандық заңгер, құқық қорғаушы, мемлекеттік және сайлау құқығы жөніндегі тәуелсіз сарапшы Мирлан Медетов білдірді.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың заманауи тетіктерін қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Қоғамдық қатысудың дәстүрлі түрлерімен қатар, ашықтықты арттырып, ақпарат алмасуды жеделдетуге мүмкіндік беретін цифрлық құралдар да енгізілуде.

Бұл бағыттағы негізгі қадамдардың бірі – «Ашық бюджеттер» және «Ашық нормативтік құқықтық актілер» сервистерін, сондай-ақ өтініштер, жобалар мен ұсыныстар жолдауға арналған арнайы электрондық платформаларды дамыту.

Мирлан Медетовтің сөзінше, бұл құралдар азаматтарға онлайн форматта ұсыныс беруге, өзекті мәселелерді жедел көтеруге және өкілді әрі атқарушы органдардан сапалы кері байланыс алуға мүмкіндік береді.

Сарапшы қоғамдық қатысудың заңнамалық негіздеріне де тоқталып, «Қоғамдық бақылау туралы» заңның қабылдануын атап өтті. Бұл құжат азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметін бағалауына және қоғам үшін маңызды бастамаларды талқылауға белсенді қатысуына құқықтық негіз қалыптастырды.

Осындай тетіктердің дамуы халыққа заң жобаларын қарауға тікелей қатысуға, сындарлы ұсыныстар енгізуге және білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен инфрақұрылым салаларындағы бюджеттік процестерді бақылауға мүмкіндік береді.

Спикердің пікірінше, цифрлық платформалар мен құқықтық нормаларды жүйелі түрде жетілдіру азаматтық қоғамның үйлесімді дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Мирлан Медетов азаматтардың қатысу тетіктерінің табысты дамуын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және конституциялық реформалармен байланыстырды.

Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы және қоғамдық диалогтың жаңа институттарының құрылуы азаматтарды мемлекеттік басқаруға жан-жақты тартудың берік негізін қалады.

Сарапшы Қырғызстанда Қазақстанның мемлекеттік басқарудағы диалогты цифрландыру және қоғамдық бақылауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету тәжірибесі үлкен қызығушылықпен зерттеліп жатқанын атап өтті.