Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Алмат Әбдікешов Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Астана мен өзге өңірлерден келген тұрғындар несие берешегін реттеу, баспананы сақтап қалу, өндірістік жарақат үшін өтемақы алу және ІІМ академиясында оқуды жалғастыру мәселелерін көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ақмола облысының тұрғыны банк алдындағы берешегіне байланысты пәтерінен айырылып қалмауға көмектесуді сұрады. Зейнет жасындағы азамат қаржылық жағдайының қиындағанын айтып, қарыз мәселесін шешудің жолын қарастыруды өтінді.
Қабылдау барысында зейнетақы төлемдерінен несие берешегін ұстап қалу мәселесі де талқыланды. Сонымен қатар өндірістік жарақат алған азаматтарға келтірілген зиянды өтеу тәртібіне қатысты өтініш қаралды. Өтініш иесі төлемнің жарақатты қашан алынғанына қарай әртүрлі жүргізілетініне назар аударып, осы мәселені қосымша зерделеу қажеттігін жеткізді.
Қабылдауға келген азаматтардың бірі ұлын ІІМ академиясына қайта қабылдау мәселесін көтерді. Әйелдің айтуынша, ұлы анасының денсаулығына байланысты отбасында қиындықтар туындаған кезде оқуын тоқтатуға мәжбүр болған. Қазір отбасы оның оқуын қайта жалғастыру мүмкіндігін қарастыруды сұрап отыр.
Депутат оқуды тоқтату себептерін, тиісті құжаттардың бар-жоғын және қайта қабылдау тәртібін нақтылады. Сондай-ақ академия басшылығына хат жолдап, отбасыға оқу орнымен байланыс орнатуға көмектесетінін айтты.
«Жағдайды бірге зерделеп, ережелерде қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын анықтайық. Мен хат жолдап, сіздің байланыс деректеріңізді академия басшылығына жеткіземін. Осылайша, оқу орнымен тікелей сөйлесіп, әрі қарай не істеу керегін талқылай аласыз. Бұл мәселені кезең-кезеңімен пысықтау қажет», – деді Алмат Әбдікешов.
Өтініш иесі ұлының оқуын жалғастыруы отбасы үшін маңызды екенін жеткізді.
«Мен ұлымды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Операциядан кейін жағдайым ауыр болған кезде ол мен үшін алаңдады. Қазір оның қайтадан оқуына оралғанын қалаймын. Академияға бұған дейін де жүгіндім, бірақ әзірге нақты жауап ала алмадым», – деді әйел.
Қостанай облысының тұрғыны табиғатты қорғау мәртебесі бар аумақта орналасқан жер учаскесін жекешелендіруге қатысты мәселе көтерді. Депутат алдымен жердің құқықтық мәртебесін анықтап, заңнама аясында қандай шешімдер қабылдауға болатынын тиісті комитеттен сұратуды ұсынды.
«Мен тиісті комитетке сауал жолдап, түсініктеме аламын. Содан кейін заңнама қандай шешімдерге мүмкіндік беретінін анықтаймыз. Қажет болса, облыс әкімдігіне де жүгінеміз. Бұл мәселе бойынша байланыста боламыз», – деді депутат.
Қабылдау барысында отандық шикізатпен қамтамасыз ету, Жамбыл облысындағы пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру және оған байланысты экологиялық мәселелер де көтерілді. Кейбір тұрғындар қабылдауға онлайн форматта қосылды.
Депутаттың айтуынша, қабылдаудағы қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер тиісті органдарға жолданып, әр мәселе бойынша заңнамаға сәйкес шешу жолдары қарастырылады.
