Қазақстандық «Шаңырақ» және «Унисон» анимациялық фильмдері Бішкекте өткен Toondook International Animation Festival халықаралық анимациялық кино фестивалінде жүлделер иеленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Орталық Азияның үздік қысқаметражды анимациялық фильмі» аталымында «Шаңырақ» бірінші, ал «Унисон» үшінші орын алды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, екі туынды да Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінде түсірілген. Мультфильмдердің режиссерлері – Мадина Тәжбағамбетова мен Мансұр Айымбетов.
«Шаңырақ» мультфильмінде киіз үй тігу оқиғасы негізінде ауызбіршілік пен бір-біріне қолдау көрсетудің маңызы бейнеленген. Ал «Унисон» туындысында ержүрек жауынгер қызға деген махаббат пен сезім жолындағы таңдау мәселесі қозғалады.
Қазақстандық мультфильмдердің халықаралық фестивальдегі жетістігі отандық анимацияның шығармашылық әлеуетін танытып, туындыларымыздың шетелдік көрерменге жол тартуына мүмкіндік береді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
