Әлеуметтік қолдау жүйесі өзгереді. 1 қаңтардан бастап көмек нақты мұқтаждарға ғана беріледі.
Олжас Бектенов: Әл-ауқаты жоғары азаматтар өз күшіне сенуі керек
Фото: primeminister.kz
132
оқылды

Құрылтай отырысында депутаттардың сауалына жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік шығыстарды қысқарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметі халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Біз әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін ауқымды реформадан өткізіп жатырмыз. Енді адамның қай санатқа жататынына емес, оның нақты мұқтаждығына басымдық береміз. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қағидат толық қолданысқа енгізіледі. Көпбалалы отбасылардың табысы жоғары немесе төмен екеніне қарамастан, олардың барлығы мемлекеттен бірдей қолдау алып отыр. Біздің ойымызша, бұл – әділетті емес. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек. Мемлекет тек өмірлік жағдайына байланысты өз күнін өзі қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға қолдау көрсетеді және алдағы уақытта да қолдайды»,– деді Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай отырысында.

Мемлекеттің әлеуметтік қолдауы өзін шынымен қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға ғана бағытталатын болады. Сонымен қатар азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік көмек олардың экономикалық белсенді санатқа өтуіне ықпал етуі тиіс екені атап өтілді. Яғни, мемлекеттік қолдау алушы өз бетінше күн көріп, уақыт өте келе мұқтаж азаматтар санатынан шығуы қажет.

Үкіметтің мәліметінше, 2027 жылы күтілетін нәтиже үш жылдық кезеңде 700 млрд теңгені және 2,5 трлн теңгені құрайды. Босаған қаражат әлеуметтік маңызы бар басқа да мақсаттарға, оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталады. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.