Егер адамның деректері негізсіз жиналса немесе заңсыз жарияланса, ол Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне шағымдана алады.
Құрылтай депутаты балалардың жеке дерегін мектеп сайтында жариялаған ұйымдарды тексеру керек екенін айтты
273
оқылды

Жыл басынан бері дербес деректердің қорғалуына байланысты Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне екі мыңнан астам адам жүгінген. Сондай-ақ жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданында 529 қызметкердің, Семей қаласындағы 31 мектептің сайтында 3 752 қызметкер мен 344 баланың жеке мәліметтері ашық түрде жарияланғаны белгілі болды. Осы мәселелерге байланысты Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Жылқыбаева Бас прокуратура мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сауал жолдап, дербес деректердің қорғалуын тексеруді ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Жеке деректердің таралуына ұйымдардың өзі жол беріп отыр ма?

Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері дербес деректердің қорғалуына қатысты екі мыңнан астам азаматтан өтініш түскен. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есе аз. Мамандар мұны заңнаманың күшеюімен және азаматтардың құқығын қорғауға арналған тетіктердің жетілдірілуімен байланыстырады.

Елде дербес деректерді қорғау құқығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді. Сонымен қатар цифрлық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ақпараттың заңсыз таралуына жол бермеуге арналған талаптар күшейтілді. Алайда әлі күнге дейін жеке деректердің таралуы мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.

Жеке деректерге адамның аты-жөні, телефон нөмірі, ЖСН, денсаулығы, білімі мен қызметіне қатысты ақпараттар жатады. Ұйымдар мұндай мәліметтерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде заң талаптарын сақтауға міндетті. Егер адамның деректері негізсіз жиналса немесе заңсыз жарияланса, ол Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне шағымдана алады.

Киберқауіпсіздік саласының сарапшысы Салтанат Жетмекованың айтуынша, деректердің қорғалуы бір ғана маманның емес, тұтас ұйымның жауапкершілігіне байланысты. Басшылық қауіп-қатерлерді басқаруға, IT мамандары ақпараттық инфрақұрылымның тұрақтылығына, ал ақпараттық қауіпсіздік қызметі ықтимал қауіп-қатерлі бақылауға жауап береді. Әрине бұл ретте қызметкерлер де белгіленген талаптарды сақтауы керек.

«Деректердің таралуы анықталған кезде алдымен не болғанын, қандай мәліметтерге қауіп төнгенін және ақпараттың әрі қарай таралуын қалай тоқтатуға болатынын анықтау қажет. Одан кейін оқиғаның себебін талдап, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермейтін шаралар қабылдануы керек. Мұндағы мақсат тек кінәліні табу емес, қауіпсіздік жүйесіндегі осал тұстарды анықтап, оларды жою», – дейді сарапшы Салтанат Жетмекова.

Цифрландыруды дамытуда алдымен адам құқығы ескерілуі керек

Цифрлық технологиялардың дамуы дербес деректерді қорғау мәселесін одан әрі өзекті ете түсті. Құрылтай депутаты «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева бұған дейін Digital Bridge 2026 алаңында технологияларды реттеу мен енгізу кезінде адамның құқықтары мен мүдделері басты назарда болуы керектігін айтқан еді.

«Біз заң шығарушы ретінде ең алдымен, оның адамға әсерін ескереміз. Кез келген реттеу, даму немесе енгізу процесінде екі маңызды жайтты әрдайым назарда ұстаймыз: біріншісі – технологияның өзі, оның ауқымы мен экономикасы болса, екіншісі – адам, оның құқығы, мүддесі және осы технологиялық әлемдегі орны. Бұл – ең басты басымдық», – деген еді Екатерина Смышляева.

Депутаттың бұл пікірі цифрлық шешімдерді енгізу кезінде технологиялық мүмкіндіктермен қатар азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін ескеру өте маңызды екенін көрсетеді.

Депутат жеке деректердің таралуына жол берген ұйымдарды тексеруді сұрады

Дербес деректердің ашық жариялануына қатысты мәселенің өзекті екенін Ләззат Жылқыбаева Құрылтай отырысында көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Депутат жақында ғана болған нақты жағдайларды да мысалға келтірді.

Мәселен, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы жеті білім беру ұйымы медициналық тексеру қызметтерін сатып алу кезінде 529 қызметкердің дерегін мемлекеттік сатып алу порталында жариялаған. Ал Семейдегі 31 мектептің сайтынан 3 752 қызметкер мен 344 баланың жеке мәліметтері табылған.

Ашық жарияланған құжаттарда азаматтардың аты-жөні, ЖСН-і, туған күні, мекенжайы мен телефон нөмірі болған. Депутат мұндай ақпараттың таралуы, әсіресе балаларға қатысты деректер жария болған жағдайда, олардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін атап өтті.

«Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған. Әсіресе балалардың мәліметтеріне мұқият қарау қажет. Баланың тұратын жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның қауіпсіздігіне де, жеке өміріне де қауіп төндіруі мүмкін», – деп нақтылады депутат.

Құрылтай депутаты 11 қазанда қазақстандықтар «Яндекс» компаниясының такси және жеткізу сервистеріне қол жеткізе алмағанын да еске салды. Компания ақаудың шетелдегі инфрақұрылымға байланысты екенін хабарлаған. Ал министрлік қазақстандық пайдаланушылардың деректері сақталатын серверлер елімізде орналасқанын және қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Сонымен қатар сервистердің жұмысына қажетті кейбір компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде орналасқаны айтылған.

–11 қазандағы жағдайға байланысты дербес деректердің трансшекаралық берілу-берілмеуін және мұндай фактілер анықталған жағдайда олардың заңдылығын тексеру қажет, – деді ол.

Сервистердің уақытша істен шығуы деректердің заңсыз берілгенін өздігінен дәлелдемейді. Дегенмен бұл жағдай деректерді сақтау мен өңдеу тәртібінің заң талаптарына сәйкестігін тексеру қажет екенін көрсетеді.

«Цифрлық мемлекетке деген сенім азаматтың өз деректерінің қорғалатынына деген сенімінен басталады», – деді Ләззат Жылқыбаева.

Депутат Бас прокуратура мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне мемлекеттік органдарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ оларға қызмет көрсететін компанияларда дербес деректерді жинау, өңдеу және сақтау заңдылығын тексеруді ұсынды. Сондай-ақ үшінші тұлғаларға деректерді беру тәртібін, сақтау мерзімі аяқталғаннан кейін мәліметтерді жою талаптарын және жариялауға жатпайтын ақпаратты бүркемелеу шараларының орындалуын тексеру қажеттігін көтерді.

Бұған қоса, Ләззат Жылқыбаева мамандардың біліктілігін арттыруды, жергілікті атқарушы органдарға бірыңғай әдістемелік ұсыныстар әзірлеуді, деректері жария болып кеткен азаматтарды уақтылы хабардар етуді және олардың құқығын қалпына келтіру шараларын қабылдауды ұсынды. Депутат Бас прокуратурадан осы бағытта атқарылған жұмыс туралы ақпарат беруді сұрады.