Бразилияның Domingo Espetacular телебағдарламасында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы және оның жас музыканттардың кәсіби қалыптасуына тигізген ықпалы туралы баяндалды. Бұл туралы dimashnews.com жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Димаштың есімі ерекше вокалдық қабілетінің арқасында әлеуметтік желілерде кеңінен танылған 21 жастағы бразилиялық әнші Вандерлей Жуниорға (Vanderlei Júnior) арналған телесюжетте аталды.
Сұхбат барысында жас өнерпаз Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен алғаш рет 13 жасында танысқанын айтты. Дәл осы кезеңде оның классикалық вокал өнеріне деген қызығушылығы оянған екен.
«13 жаста кезімде Димаш есімді әншінің өнеріне ерекше тәнті болдым. Ол – Қазақстанның тумасы екен. Оның үні әлемдегі ең ғажайып дауыстардың бірі деп есептеймін. Димаштың әндерін тыңдай жүріп, классикалық музыка әлемін тани бастадым. Сол кезде: «Мен де сол сияқты болғым келеді», – деп ойлағаным есімде. Оның өнері мені қанаттандырды», – деп бөлісті Вандерлей.
Қазіргі уақытта бразилиялық жас талант кәсіби музыкалық жолын қалыптастырып, опера өнерінің биік белестерін бағындыруға ұмтылып жүр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
