Құжатта отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға еңбек сіңірген азаматтарға «Шәмші Қалдаяқов» медалін, бейнелеу өнері саласында үздік туындылар жасаған қайраткерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын беру көзделген. Осы тұста біз айтулы наградалардың енгізілуіне орай өнер майталмандарының пікірін сұрадық.
Ақан АБДУАЛИЕВ,
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» МАКҰ директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
Ән әлемінің биігіне бастайтын өзгеріс
«Шәмші Қалдаяқов» медалі – қазақ музыка өнерінің дамуына үлес қосып жүрген композиторлар мен ән өнерінің өкілдеріне табысталатын кәсіби марапат. Сондықтан бұл медальдің орны мен үшін ерекше. Ұлы тұлғалардың есімін ұлықтау арқылы олардың мұрасына құрмет көрсетіп қана қоймай, тұтас бір өнер саласының мәртебесін көтереміз, келер ұрпаққа үлгі ұсынамыз.
Мемлекет басшысының «Шәмші Қалдаяқов» медалін тағайындауы – ең алдымен өнерге деген үлкен құрмет, ал өнер адамдары үшін қолдау әрі жауапкершілік. Бұл марапат оның иегерлеріне Шәмші есіміне лайық болу, өнерге адал қызмет ету жауапкершілігін жүктейді және жас композиторларға елеулі шығармашылық серпін береді.
Композиторлық өнер бір ғана жанрмен шектелмейді. Академиялық музыкада да, эстрадада да, ұлттық музыкалық дәстүрді заманауи бағыттармен сабақтастыруда да талантты жастар бар. Олардың еңбегін бағалауда басты өлшем шығарманың көркемдік деңгейі мен қазақ музыкасына қосқан нақты үлесі болуы маңызды. Сонымен бірге Шәмші есімімен аталатын марапат жас авторларға үлкен міндет жүктейді.
Медальдің беделін биік ұстау үшін үміткердің еңбегі нақты шығармашылық нәтижесіне қарай бағалануы керек. Басты өлшем – композитордың кәсіби шеберлігі, туындыларының көркемдік деңгейі, өзіндік қолтаңбасы және ұлттық музыка мәдениетіне қосқан үлесі. Шығарманың танымалдығымен қатар, оның мазмұнына, музыкалық сапасына және уақыт сынынан өтуіне мән берген жөн.
Жайық ЕЛЕСҰЛЫ,
кескіндемеші, Суретшілер одағының мүшесі,
«Шабыт» ұлттық өнер университетінің сәндік дизайн
кафедрасының аға оқытушысы:
Суретші үшін аса мәртебелі атақ
Президентіміздің суретшілер қауымына көңіл бөліп, еңбегін бағалап жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Кеңес одағы кезінде «Халық суретшісі» деген атақ болған еді. Кейін суретшілерге де «Еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілетін болды. Әрине, бұл – мәртебелі атақ. Дегенмен бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар, талантымен танылған суретшілердің бәрінің еңбегі бірдей елене бермеді. Сондықтан «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағының болуы бізді ерекше қуантады. Кейде көрменің ашылуында талантты суретшіні таныстырып тұрып, оның атақ-марапатын айтайын десең, ештеңе таба алмайсың. Ал туындыларына қарасаң, қаншама еңбек пен шеберлікті көресің. Осындай өнер иелерінің еңбегі бағаланып, жұрт олардың кім екенін, өнерге қандай үлес қосқанын білгені дұрыс.
Шын талант иелері өзін жарнамалап, марапатқа ұсынуға ұмтыла бермейді. Тек еңбектеніп, суретін салып жүре береді. Сондықтан Суретшілер одағы шеберлерді танып, еңбегін бағалап, марапатқа ұсынып отырса, жақсы болар еді. Адамның көзі тірісінде «Халқым еңбегімді көрді, бағалады» деп қуанғанына не жетсін?! Өкінішке қарай, кейбір суретшілердің қадірін өмірден өткеннен кейін ғана түсініп жатамыз. Арада уақыт өткенде туындыларына қайта үңіліп, өткен дәуірдің тынысын сезінеміз. Сонда ғана «Қандай керемет суретші болған!» деп таңғаламыз. Ал осындай таланттың еңбегін дер кезінде бағалап, жақсыны жақсы деп айта білгеніміз әлдеқайда құнды.
