Қазан айында қазақстандық параспортшылардың асығы алшысынан түсті. Прагада футболшыларымыз қарсыластарын қапы қалдырып, жеңіс тойын тойласа, Парижде паратаеквондошыларымыз ел мерейін үстем етті.
Жігерлі жандардың жеңісі
141
оқылды

Малайзияда өткен Азия-Тынық мұхиты чемпионатынан да спортшыларымыз қанжығасын майлап, жеті медальмен оралды. Алда бұдан да ауқымды сын күтіп тұр. Ол – Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін V Азия Пара ойындары. Сары құрлықтың саңлақтары сайысқа түсетін дүбірлі додада Қазақстан намысын 150 спортшы қорғамақ.

Прагада қарсылас шақ келтірмеді

Осы айдың алғашқы күндері ел спортшылары үшін жағымды жаңалықпен басталды. Чехия астанасы Прагада 3-4 қазан аралығында көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында футбол 5х5-тен халықаралық Еуропа турнирі өтті. Бұл додада Қазақстан құрамасы үздік шығып, жеңімпаз атанды. Жарысқа Қазақстан, Чехия, Греция және Германияның үш командасы қатысқан еді. Еуропалық қарсыластармен өткен бәсекеде отандастарымыз өз шеберлігін танытып, халықаралық турнирдің бас жүлдесін иеленді.

Футбол 5х5 – параспорттың ерекше түрлерінің бірі. Мұнда ойыншылар доптың ішіндегі дыбыс арқылы оның бағытын анықтайды. Алаңдағы әрбір қимыл, әрбір пас пен соққы спортшылардан ерекше зейін мен өзара түсіністікті талап етеді. Ойын барысында бір-бірінің дауысын естіп, қай бағытта қозғалып келе жатқанын аңғару да маңызды. Сырт көзге қарапайым көрінетін допты қабылдау мен қақпаға дәл бағыттаудың өзі үлкен дайындықты қажет етеді. Прагада өткен жарыста қазақстандық футболшылар осы спорт түрінің қыр-сырын жақсы меңгергенін байқатты.

Парижде қос жүлде бұйырды

Қазақ спортшыларының жеңісті жолы Франция астанасында жалғасты. Парижде өткен Paris 2026 World Para Taekwondo Grand Prix Series халықаралық турнирінде қазақстандық паратаеквондошылар екі медаль жеңіп алды. Нұрлан Домбаев алтыннан алқа тақса, Жанболат Қазиев қола жүлдені еншіледі. Жартылай финалда жеребе қос қазақстандық спортшыны бір-біріне қарсы шығарды. Нұрлан Домбаев пен Жанболат Қазиев арасындағы белдесуде Домбаев басым түсіп, финалға жолдама алды. Ал Қазиев қола жүлдегер атанды. Шешуші кездесуде Нұрлан Домбаев бразилиялық Кларо Лопес де Оливейрамен қайта жолықты. Бұл жолы да жерлесіміз қарсыласына мүмкіндік бермей, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Париж төрінде Қазақстан Әнұраны шырқалды. Айта кетейік, халықаралық Гран-при турниріне 18 елден 120-ға жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жарысты бір алтын, бір қола медальмен аяқтады. Бір қызығы, екі жүлдені де бір салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшыларымыз жеңіп алды. Енді Нұрлан Домбаев пен Жанболат Қазиев алдағы Азия Пара ойындарында да ел намысын қорғайтын спортшылардың қатарынан көрінуі мүмкін.

Пенангтан жеті медаль

Тағы бір айтулы жаңалық Малайзиядан жетті. Пенанг аралында 3-9 қазан аралығында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында өткен Азия-Тынық мұхиты чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті медаль жеңіп алды. Бұл жарыста жеңіл атлет Данил Щелоковтың нәтижесі ерекше аталды. Ол 400 метрге жүгіруде 47,86 секунд көрсеткішпен мәреге бірінші жетіп, чемпионат рекордын жаңартты. 

Шахматшыларымыз да жеңіссіз қалған жоқ. Самажан Кеттебеков классикалық шахматтан қарсыластарынан озып, Азия-Тынық мұхиты чемпионатының жеңімпазы атанды. Ал Балжан Джумагазиева блиц шахматтан үздік үштікті түйіндеді. Пенангтағы жарысқа Азияның 19 елінен 400-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан атынан сурдо жеңіл атлетика, сурдо шахмат және сурдо бадминтон бойынша 17 спортшы өнер көрсетті. Жерлестеріміз жеті медальдың басым бөлігін жеңіл атлетика мен шахматтан еншіледі. Әсіресе жеңіл атлеттердің бірнеше қашықтықта жүлдеге ие болғаны көңілімізді бір марқайтты.

Ендігі меже – Нагоя

Халықаралық жарыстардан жеткен жағым­ды жаңалықтар енді Жапонияда өтетін ірі до­даға ұласпақ. 18-24 қазан аралығында Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында V Азия Параойындары өтеді. Төрт жылда бір рет ұйым­дастырылатын бұл жарыс – құрлықтағы пара- спортшылардың ең беделді бәсекелерінің бірі. Оған Азияның 45 елі мен аумағынан спортшылар қатысады. Жалпы 18 спорт түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан құрамасы байрақты бәсекеге 12 спорт түрінен 150 спортшымен қатысуды жоспарлап отыр. Құрама сапында парадзюдодан 26, паражүзуден 21, парапауэрлифтингтен 15, пара жеңіл атлетикадан 14 және параве­лоспорттан 13 спортшы бар. Сондай-ақ волей­болды отырып ойнаудан, пара үстел теннисінен және пара оқ атудан 12 спортшыдан, пара садақ атудан 9, паратаеквондодан 8, боччадан 5 және арбадағы теннистен 3 спортшы бақ сынамақ.

Биылғы Азия Пара ойындарының Қазақстан құрамасы үшін тағы бір жаңалығы бар. Отандас­тарымыз бұл додада алғаш рет арбадағы теннис­тен бақ сынайды. Сондай-ақ зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшыларымыз жеңіл атлетиканың T20 санатында және пара үстел теннисінің 11-класында жарыс жолына шығады. Бұған дейін бұл санаттарда ел намысын қорғамаған спортшыларымыз үшін енді құрлықтың мықтыларымен шеберлік байқасатын сәт туды. Әрине, Азия Пара ойындарының бәсекесі бөлек. Мұнда әр елдің таңдаулы спортшылары жиналады. Сондықтан Прага, Париж және Пенангтағы жеңістерге қарап, алдағы доданың нәтижесін болжау қиын. Дегенмен жерлестеріміздің соңғы жарыстардағы қарқыны жаман емес. Ендігі мәселе – сол қарқынды Нагояда да сақтап қалу.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ