Бағдарламаның ерекшелігі күйлердің дәстүрлі орындалуы мен оркестрлік нұсқаларының қатар ұсынылуында болды.
Қазақконцертте күй мен симфония бір сахнада тоғысты
125
оқылды

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «Қазақконцертте» Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі мен «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының «Күй & Симфония» концерті өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Дәстүрлі күй мен симфониялық музыка тоғысқан кеш өнерсүйер қауымға ұлттық мұрамызды жаңа қырынан таныстырды.

Бағдарламаның ерекшелігі күйлердің дәстүрлі орындалуы мен оркестрлік нұсқаларының қатар ұсынылуында болды. Тыңдарман домбырадан төгілген таныс әуендерді оркестр үнімен салыстыра тыңдап, олардың бояуы мен әсерін жаңа форматта сезінді.

Музыка кеші Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан «Би сюитасымен» басталды. Бағдарламада Тәттімбеттің «Сылқылдақ», «Қосбасар», Есжанның «Соқыр Есжан», Дәулеткерейдің «Қосалқа», «Құдаша», Құрманғазының «Балбырауын», Дайрабайдың аттас күйі және халық күйі «Ақсақ құла» орындалды.

Дәстүрлі күй өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Айтбаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ардақ Елеусіз, Мәдениет саласының үздігі Еділ Басығараев, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Бауыржан Бекмұханбет, Ерсұлтан Ерболатұлы, Жанту Дадабаев, Тоғжан Үмбет және Дарын Құдайберген сынды күйшілер орындады.

Ал оркестрмен бірге Ақерке Тәжібаева Ықыластың «Қамбар батыр», Нұркен Яхияев Төлеген Момбековтің «Салтанат», Олжас Құрманбек Қуат Шілдебаевтың «Қаракемер» шығармаларын орындады.

Концерт соңында симфониялық оркестр мен күйшілер ансамблінің бірлескен орындауында Құрманғазының «Сарыарқа» күйі күмбірледі. Ұлы даланың кеңдігі мен еркіндік рухын жеткізген шығарма кештің әсерлі түйініне айналды.

«Күй & Симфония» кеші күйдің төл табиғаты мен симфониялық оркестрдің кең мүмкіндігін ұштастырып, қазақ музыкасының бай әрі сан қырлы әлемін тыңдарманға жақындата түсті.