«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин Қазақстан мен Әзербайжанды Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің ресми түрде іске қосылуымен құттықтады, – деп жазды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, екі елдің мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев әзербайжандық AzerTelecom компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған жобаны іске қосты. Жоба аясында Каспий теңізінің түбімен ұзындығы 380 шақырым болатын талшықты-оптикалық кабель тартылып, екі ел арасында жаңа халықаралық байланыс арнасы қосылды.
«Қазақстан үшін бұл – Азия мен Еуропа арасындағы маңызды цифрлық торапқа айналу жолындағы тағы бір қадам. Жаңа бағыт халықаралық деректер транзитін дамытуға, еліміздегі Деректер орталықтары алқабын (Data Center Valley) өркендетуге және ірі технологиялық компанияларды тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады», – деп жазды Бағдат Мусин Instagram парақшасында.
«Қазақтелеком» басшысы жобаны іске асыруға атсалысқан мамандарға – инженерлерге, теңізшілерге, сүңгуірлерге, кабель төсеушілерге және бірнеше ай бойы жаңа инфрақұрылымды құруға еңбек сіңірген барша қызметкерге ерекше алғысын білдірді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
