Осы бастама аясында Ақтөбе облысы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылындағы теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, халық игілігіне берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жаңартылған нысанның ашылу рәсіміне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Байғанин ауданының әкімі Айбек Купенов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдері, теміржол саласының ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың маңыздылығына тоқталып, жаңғыртылған вокзалдың тұрғындар мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылындағы теміржол вокзалы жаңартылып, ел игілігіне беріліп отыр. Жаңа вокзал ауыл тұрғындары мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосады деп сенемін. Осы игі іске атсалысқан барша азаматқа алғыс білдіремін», – деді Асылбек Есенбаев.
Қарауылкелді теміржол стансасының тарихы 1945 жылдан бастау алады. Алғашқы вокзал ғимараты 2011 жылға дейін пайдаланылып, кейін жаңа ғимарат салынған. Бүгінде нысан заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды.
Жобаның жалпы сметалық құны 356 млн теңгеден асады. Құрылыс жұмыстары квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Жаңғырту аясында жалпы ауданы 207,73 шаршы метрді құрайтын бір қабатты вокзал ғимараты жаңартылып, 25 орындық күту залы жабдықталды. Сонымен қатар вокзал маңы абаттандырылып, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарына қатты жабын төселді, аумақ көгалдандырылды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында перрон 150 метрге ұзартылды.
Айта кетейік, Қарауылкелді теміржол стансасы арқылы тәулігіне 20 жұп жүк пойызы және 6 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Бұл станса ауданның көлік-логистикалық жүйесінде маңызды орын алады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
