Астанадағы Конгресс-холда Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің ерлер хорының мерейтойлық концерті өтті. Биыл құрылғанына 10 жыл толған ұжым концертте репертуарындағы ең үздік шығармаларды орындап, тыңдарманға ерекше көңіл күй сыйлады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бес бөлімнен тұратын бағдарламаға халық әндері, классикалық шығармалар, көркем фильмдердің музыкалары мен шетелдік әндер енді. Концертте импровизациялық нөмірлер орындалды. Кейбір шығармаларды таныстыру үшін жасанды интеллект көмегімен әзірленген бейнероликтер көрсетілді.

Кеш қонақтары да концерттік бағдарламаға қатысып, музыкалық тартуларын ұсынды. Олардың арасында 2016 жылы құрылған хордың негізін қалаушылар мен бұрынғы өнерпаздары да болды.

Бүгінде Ұлттық ұланның ерлер хоры республикалық және халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараларда өнер көрсетіп жүр. Ұжымның бағдарламасында әскери-патриоттық шаралармен қатар, мерекелік концерттер мен мәдени жобалар да бар.

Хордың кәсіби деңгейі күрделі вокалдық шығармаларды орындауынан және әртүрлі жанрдағы туындыларды ұсынуынан байқалады. Мәселен, ұжым Linkin Park тобының Numb әнін домбыра сүйемелдеуімен орындап, ресейлік «Ну-ка, все вместе!» вокалдық шоуында көрермен назарына ұсынған еді.
