Консорциум аясында бірлескен археологиялық экспедициялар ұйымдастыру, Дала өркениетінің цифрлық архивін, тарихи деректер корпусын және интерактивті тарихи-картографиялық атласын әзірлеу жоспарланған. 
Дала өркениетін зерттейтін халықаралық консорциум құрылады
134
оқылды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялары одағының (UNASTW) Бас ассамблеясының 9-отырысы өтті. Академияның 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған халықаралық жиынның негізгі мақсаты – ғылым академиялары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, бірлескен ғылыми-зерттеулерді дамыту және ортақ тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеудің басым бағыттарын айқындау, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Халықаралық жиын барысында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия ғылым академиялары Дала өркениетін бірлесіп зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум құру туралы көпжақты келісімге қол қойды. Бұл бастама алты елдің ғылыми әлеуетін, тарихи дереккөздері мен зерттеу инфрақұрылымын біріктіріп, Жошы Ұлысы мен Алтын Орда мұрасын халықаралық деңгейде кешенді зерттеуге бағытталған.

Отырыста Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылыми ынтымақтастықты нақты бағдарламалар мен ұзақмерзімді бірлескен жобаларға айналдырудың маңызын атап өтті.

«Біздің негізгі ұстанымымыз – академиялар арасындағы байланысты бірлескен бағдарламаларға, ортақ зерттеу инфрақұрылымына және жас ғалымдар үшін тұрақты мүмкіндіктерге айналдыру», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Консорциумның негізгі міндеті – Дала өркениетінің Еуразия тарихындағы орнын жаңа ғылыми деректер мен пәнаралық зерттеу әдістері негізінде зерделеу. Бірлескен жұмыстар Жошы Ұлысы мен Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын, мемлекеттілік пен құқықтық дәстүрлерді, тарихи дипломатияны, Ұлы Жібек жолы байланыстарын және мәдени сабақтастық мәселелерін қамтиды.

Консорциум аясында бірлескен археологиялық экспедициялар ұйымдастыру, Дала өркениетінің цифрлық архивін, тарихи деректер корпусын және интерактивті тарихи-картографиялық атласын әзірлеу жоспарланған. Сонымен қатар тарихи қолжазбаларды цифрландыру, зерттеулерде жасанды интеллект пен геоақпараттық технологияларды пайдалану, академиялық басылымдар дайындау және жас ғалымдардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту көзделген.

Ынтымақтастықты жүйелі дамыту мақсатында 2027–2031 жылдарға арналған ортақ ғылыми ынтымақтастық Жол картасын әзірлеу ұсынылды. Құжатта тарихи дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу, бірлескен пәнаралық зерттеулер жүргізу, ортақ ғылыми инфрақұрылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау бағыттарына басымдық беру көзделеді.

Бас Ассамблеяның маңызды нәтижесі болған алтыжақты келісім Дала өркениетін, Жошы Ұлысы мен Алтын Орда мұрасын зерттеуде ұзақмерзімді халықаралық ғылыми әріптестіктің негізін қалайды. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы аясында жүзеге асқан бұл бастама ғылыми сабақтастықты нығайтып, Орталық Еуразияның әлемдік өркениетке қосқан үлесін халықаралық академиялық кеңістікте танытуға мүмкіндік береді.