Польша Димашты алғаш рет қарсы алып отыр.
Димаш Құдайберген жаңа концерттік турын бастау үшін Польшаға барды
Фото: dimashnews.com
142
оқылды

16 қазанда Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген шығармашылық ұжымымен бірге Польшаның Краков қаласына барды. Алдағы жексенбіде дәл осы қалада өнерпаздың жаңа DiMENSIONS концерттік турнесінің шымылдығы түріледі. Бұл туралы dimashnews.com жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Польша Димашты алғаш рет қарсы алып отыр. Әуежайға әншіні қарсы алу үшін оның польшалық фан-клубының мүшелері мен концертке арнайы келген өзге елдердегі жанкүйерлері жиналды.

Шығармашылық белсенділігімен ерекшеленетін польшалық Dears жанкүйерлері өнерпазға арнап ерекше қарсы алу бағдарламасын ұйымдастырды. Skalne Orły оркестрі қазақстандық әншіні Польшаның дәстүрлі музыкалық туындыларын орындап қарсы алып алды. Олардың қатарында Hej bystra woda, Szła dzieweczka әндері мен Подхале өңірінің халық әндері де болды.

Әуежайда ілінген көркем безендірілген баннерлер, түрлі елдердің тулары және польшалық фан-клубтың логотипі бейнеленген киімдер көпшіліктің сүйікті өнерпазын ерекше ықыласпен күткенін аңғартып, жылы әрі достық атмосфера қалыптастырды.

Жанкүйерлер Димашты поляк халқының дәстүрлі қонақжайлық белгісі саналатын нан мен тұз ұсыну рәсімімен қарсы алды.

Бүгін әуежайға Польша, Қазақстан, Франция, Румыния, Испания, Жапония, Италия, Канада, Аустралия, Германия және басқа да елдерден келген жанкүйерлер жиналды.

Ал 18 қазанда Краков қаласындағы TAURON Arena сахнасында Димаш Құдайбергеннің жаңа DiMENSIONS концерттік турнесінің салтанатты ашылуы өтеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.