Ақмола мен Павлодар облысының арасын қамтыған сапардың алғашқы күндерінде жастар жол бойын қоқыстан тазартып, табиғи мұраны қорғауға мол үлес қосты. Сонымен қатар Құрылтай депутаттары тұрғындармен кездесіп, елді мекендерде қордаланған мәселелерге назар аударды.
Эстафета аясында қатысушылар Ақмола облысындағы әйгілі «Кемпіртас» тауының аумағын да қоқыстан тазартты. Сонымен қатар жастар қанатының белсенділері партияның «Вандализмге жол жоқ!» акциясына қатысып, табиғи нысандарға салынған жазулар мен граффитилерді жою жұмыстарын жүргізді. Ғасырлар бойы табиғаттың өзі қалыптастырған көркем көріністі бірсәттік әуестікпен бүлдіру оңай. Ал оның бастапқы қалпын қалпына келтіру әлдеқайда қиын. Сондықтан «Кемпіртас» аумағындағы тазалық жұмыстарының тәрбиелік мәні ерекше.
Осы жолғы «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасының тағы бір маңызды ерекшелігі – халықпен бетпе-бет жүздесу. Ақмола облысының Ерейментау ауданында өткен қабылдауға Құрылтай депутаттары, «Әділет» партиясы фракциясының мүшелері Айнагүл Балташева, Ерқанат Мұсылманбек және Юлия Кучинская қатысты. Халық қалаулылары 20-дан астам тұрғынның өтініші мен ұсынысын тыңдады. Кездесуде көтерілген мәселелердің ауқымы да кең болды. Бірі әлеуметтік нысандардың жағдайына алаңдаса, енді бірі денсаулық сақтау саласын жақсартуды, инженерлік желілерді жаңғыртуды және ауылдардың инфрақұрылымын дамытуды сұрады.
Атап айтқанда, тұрғындар Ерейментау қаласындағы «Жігер» стадионын және №8 АТК колледжінің ғимаратын жөндеу, аудандық орталық аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету, қалалық қазандықты жаңғырту және су құбыры желілерінің құрылысын аяқтау мәселелерін көтерді. Ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту қажеттігі де назардан тыс қалмады. Депутат Айнагүл Балташева тұрғындармен мұндай кездесулердің маңызын ерекше атап өтті.
– Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары өңірлердің нақты қандай қажеттіліктері барын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды кері байланыс. Сондықтан әр мәселені нақты егжей-тегжейлі қарастыру қажет, – дейді Құрылтай депутаты.

Қоғамдық қабылдау барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған түйткілдерді ортаға салды. Атап айтқанда, ауылдарға ойлы-шұңқырларға айнала бастаған кіреберіс жолдарды жөндеу, Ажы және Қойтас ауылдарының арасында көпір салу, Малтабар мен Ақмырза ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ашу сияқты көптен бері халықтың ащы жанайқайын тудырған өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен қатар ауылдық клубтар салу және кәсіпкерлер үшін электр энергиясы тарифін арзандату жөнінде де ұсыныстар айтылды. Депутат Ерқанат Мұсылманбек инфрақұрылымдық мәселелерді шешуде жүйелі тәсілдің маңызын атап өтті.
– Ауылдар мен аудан орталықтарының тұрақты дамуы үшін инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі түрде шешу маңызды. Жергілікті бюджет мүмкіндіктерімен қатар, облыстық және республикалық деңгейдегі қаржыландыру тетіктерін де қарастыру қажет, – дейді Ерқанат Мұсылманбек.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, эстафета барысында депутаттар тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштері мен мәселелерін тыңдап қана қоймай, ауыл-аймақты алаңдатқан өзекті мәселелерді алдағы уақытта Құрылтай деңгейінде көтеруді көздейді. Бұл бастаманың маңызды бағыты халық пен шешім қабылдайтын құрылымдар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова да осы жұмыстың мәніне тоқталды.
– Бұл – экологиялық мәдениетті сөз жүзінде емес, нақты іспен қалыптастырудың үлгісі. Осындай бастамалар қоғамда ортақ жауапкершілікті арттырады. Жастар еріктілік арқылы тәжірибесін жинақтаса, тұрғындар экологиялық мәселелерді талқылауға белсенді араласады. Ал депутаттардың қоғамдық қабылдаулары ауылдардағы өзекті мәселелерді тікелей анықтауға мүмкіндік береді, – дейді депутат.
Эстафета экологиялық акциялармен және қоғамдық қабылдаулармен ғана шектелген жоқ. Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласында тұрғындар мен жастарға арналған ашық аспан астындағы Open Air концерті өтті. Мұндай мәдени іс-шаралар жастардың басын қосып қана қоймай, ортақ бастама төңірегінде қоғамдық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Табиғатты қорғау, елді мекеннің тазалығын сақтау және азаматтық жауапкершілік таныту идеялары мәдени шаралар арқылы да кеңінен насихатталады.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
