Себебі әкімдіктегілер тұрғын үйлерге жылу беру үшін құбырларды тексеріп әлек болса, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері газ желілері мен мұржалардың ақауын анықтаумен болады. Оған негіз жоқ емес. Жамбылда жыл сайын жылыту маусымында бүтін бір отбасы газдан уланып немесе түтінге тұншығып қаза болады. Бұның себебін шенділер түрлі себеппен түсіндіргенімен, салдары жанға батып тұр.
Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қырағы жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі мен газден улану бойынша алдын алу жұмыстары күн сайын өткізіліп келеді.
– Іс-шаралар барысында тұрғын үй секторындағы өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу мақсатында, бұқаралық ақпарат құралдарын тарту арқылы профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған іс-шаралар атқарылуда. Алдын алу жұмыстарын өткізу шеңберінде 3 222 тұрғын үй араланып, көппәтерлі, каркас-қамысты, тұрмыс жағдайы төмен үйлерге басты назар аударылуда. Барлығы 6 632 тұрғынмен әңгімелестік. Әлеуметтік осал топтардың қатарына жатқызылатын отбасылардың үйлеріне 150 датчик орнатылды. Оның ішінде улы газды анықтайтын датчик 127 дана болса, табиғи газды анықтайтын датчик – 23 дана. Бұдан бөлек, 2026-2027 жылғы жылыту маусымы қарсаңында жергілікті атқарушы органдар тарапынан улы және табиғи газды анықтау датчиктерін сатып алу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Жамбыл облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Құрмет Батырханұлы.
Әрине, үміттенген дұрыс. Сондықтан улы газға қарсы датчиктер орнату сынды жұмыстарды жүйелі жүргізген абзал. Олай дейтініміз, алдыңғы жылы тендер арқылы сатып алынған датчиктердің дені жарамсыз болып, жергілікті билік өкілдері ақауы бар қондырғыларды кері қайтарған-ды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға «бармақ басты, көз қысты» емес қырағы бақылау қажет.
Өрт демекші, жыл басынан бері облыс аумағында 707 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық. Тілсіз жаудан 6 адам қаза тапса, бұл да өткен жылға қарағанда өсімді көрсетіп тұр. Материалдық шығын 64,35 млн теңгеге жеткен.
Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен және волонтерлермен бірлесіп 417 мыңнан астам аулаларды аралап, 2 225 жиын өткізген. Аралау барысында 596 мыңға жуық адамға нұсқау беріліп, 441 мыңнан астам жадынамалар мен нұсқаулықтар таратылған.
Бұл – әрине, құп көретін бастама. Ал одан нәтиже шыға ма? Жыл басынан бері 707 өрт оқиғасы тіркеліп, 6 адамның қаза табуы алақайлайтын көрсеткіш емес. Демек, бұл – бағыттағы жұмыстарды күшейту керек деген сөз.
Әрине, апат шақырудан аулақпыз. Алайда жылда тұрғын үй өрті, түтінге тұншығып, газдан улану фактілері бойынша Жамбыл облысы көш бастап келеді. Жылда жауаптылар «жұмыс жүргізіліп жатыр» деген статистиканы алға тартқанымен одан оқыс оқиғалардың саны азаймауда. Демек, бұл мәселеге басқа қырынан келу керек деген дүние. Жиындар өткізіп, жадынама таратқаннан көрі құзырлы сала мамандары облыс, қала, аудан, қала берді ауыл әкімдерімен бірлесе отырып, әр үйге газ бен өрттің шығуын дер кезінде анықтайтын датчиктерді жаппай орнату тетігін тапқандары жөн шығар. Әйтпесе, бар мәселені қазына қаржысына қаратып қойып отқаннан ертең оқыс оқиғалар азаймайтыны анық. Осыны салаға жауаптылар санаға салып, бір шешімін табады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
