НАТО Украинадағы соғыс тәжірибесін ескере отырып, шығыс шекарасындағы қорғаныс тәсілдерін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Әскери сарапшы Агил Рустамзаде жаңа тұжырымдама әскери шығындарға, қару-жарақ сатып алуға және болашақ қақтығыстардың сипатына әсер ететінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сарапшының пікірінше, НАТО елдері алдағы уақытта дәстүрлі броньды техниканы сатып алуға бөлінетін қаржыны қысқартып, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, радиоэлектрондық күрес құралдарын, микроэлектроника мен бағдарламалық қамтамасыз етуді дамытуға басымдық беруі мүмкін.
Сонымен қатар жасанды интеллект пен заманауи бақылау жүйелерінің кеңінен қолданылуы шекара маңында әскерді жасырын шоғырландыруды қиындатады. Әскери бөлімдердің қозғалысы нақты уақыт режимінде анықталып, оларға жедел соққы жасау мүмкіндігі артады.
Рустамзаде болашақ қақтығыстарда әскер саны мен ауыр техниканың басымдығынан гөрі киберқауіпсіздік, тұрақты байланыс және радиоэлектрондық күрес мүмкіндіктері маңызды болатынын атап өтті. Оның айтуынша, автономды және ұшқышсыз жүйелердің қолданылуы шекарадағы алғашқы қақтығыстарға әскери қызметкерлердің тікелей қатысуын азайтады. Алайда бұл жергілікті жанжалдардың тезірек өршуіне әкелуі мүмкін.
Сарапшы мұндай өзгерістер Ресейдің дәстүрлі әскери басымдығына да әсер етеді деп есептейді. Арзан әрі тиімді технологиялар ауыр техника мен артиллерияның сандық артықшылығын шектей алады. Бұған қоса, құрлықтағы әскери операциялар арқылы жылдам нәтижеге жету қиындаған жағдайда ядролық қарудың стратегиялық тежеу құралы ретіндегі маңызы артуы ықтимал.
Дегенмен Агил Рустамзаде НАТО әскерлерінің жаңа қорғаныс тұжырымдамасы бойынша толық дайындыққа қашан қол жеткізетінін болжау қиын екенін айтты. Бұған альянс ішіндегі бюрократиялық рәсімдер де әсер етуі мүмкін.
